Ерлан Саиров: Әркім өз пайдасын қымқыруға тырысады

845

Халыққа көмір сату тізбегінде шамамен 10-ға жуық буын қалыптасқан. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерлан Саиров осылай мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Ерлан Саиров: Әркім өз пайдасын қымқыруға тырысады

"Бірқатар өңірлерде тұрмыстық көмірдің жетіспеушілігінен шиеленісті жағдай тіркелді. Елімізде көмірдің жүйелі жетіспеушілігі үшін объективті алғышарт болмаса да, ел азаматтарының моральдық-психологиялық жағдайына теріс әсер ететін дүрлікпе жүріп жатыр. Біз осындай жағдайда көмір өндіру бойынша әлемнің 10 елінің қатарында тұрмыз", – деді Ерлан Саиров Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярдың атына жолдаған сауалында. 

Оның айтуынша, көмір сату тізбегінің басында көмір өндіру разрезі, темір жолмен жөнелтуге арналған тиеу пункттері, темір жол арқылы тасымалдау, теміржол тұйықтарында қабылдау терминалдары, көмірді тұтынушыларға жеткізетін тарату пункттері тұр. 

"Осы кезеңдердің барлығында әркім өз пайдасын қымқыруға тырысады. Осыған байланысты баға қымбаттай береді. Көмір бағасын делдал құрылымдар нұсқап отыр. Көмірді биржалық саудалаудың ережесі делдал-кәсіпорындарға көмірді үлкен көлемде сатып алуға және оны бірден разрезден 2-3 есе қымбат бағамен сатуға мүмкіндік береді деп айтуға негіз бар. Сату нүктелеріндегі көмірдің жетіспеушілігі көмірді жеткізетін вагондардың тапшылығына байланысты. Сондықтан көмір разрезден сату нүктесіне 6 күнде емес, 16 күнде жеткізіледі", – деді депутат. 

Ерлан Саировтың сөзінше, разрезде тоннасы шамамен 7 800 теңгеден сатылған көмір Алматы, Ақмола, Қызылорда, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы сауда нүктелерінде 25-30 мың теңгеден саудаланады. 

"Тұтынушы үшін баға бастапқыдан 3-4 есе өседі. Бұл – ауылдағы ағайынның қалтасы мүлдем көтермейтін баға. Осы қып-қызыл бағаға көмірдің өзі тапшы. Қақаған қыста азаматтар ақшасын төлеп қойып, көмірді тосуға мәжбүр", – деді депутат.  

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу