Ертең GTA 6 ойыны шығады: Әлем жұрты жаппай жұмыстан сұранып, демалыс алып жатыр

1236

Дүниежүзіндегі геймерлер 19 қарашаны асыға күтіп жүр.

Ертең GTA 6 ойыны шығады: Әлем жұрты жаппай жұмыстан сұранып, демалыс алып жатыр Фото: Vernon Yuen/ZUMA Press

Себебі дәл осы күні көптен күткен Grand Theft Auto 6 (GTA 6) ойыны жарыққа шығады. Осыған байланысты жанкүйерлер сол күнге жұмыстан демалыс немесе қосымша демалыс күнін алуға өтініш берген, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Мұндай ақпаратты қызметкерлерді басқаруға арналған бағдарламалық жасақтама әзірлейтін Personio компаниясы таратты.

Компания мамандары GTA 6 ойынының шығу кезеңіне сәйкес келетін еңбек демалысына өтініштер санын зерттеген. Нәтижесінде 19 қарашадан бастап демалыс алуға берілген өтініштер саны 38%-ға артқан.

Кейбір ойыншылар бұған дейін жиналған артық жұмыс сағаттарын демалыс күндері ретінде пайдалануды ұйғарған. Мұндай өтініштер саны да 58%-ға өскен. Оның үстіне қызметкерлер тек ойын шығатын күнге ғана емес, одан кейінгі аптаға да еңбек демалысын алуды жоспарлап отыр.

Қызметкерлерді басқару бағдарламаларын ұсынатын тағы бір Remote компаниясы да GTA 6 ойынының шығуына байланысты еңбек демалысына өтініштер санын зерттеген. 

Remote мәліметінше, GTA 6 шығатын кезеңге еңбек демалысын алуға әсіресе Z буынына жататын, яғни 1995-2010 жылдары туған ер адамдар  жиі өтініш берген. Олар былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда шамамен 2,2 есе көп өтініш жолдаған. Одан кейін миллениалдар мен X буынының өкілдері тұр.

Италия мен Үндістанда еңбек демалысын алушылар күрт артты

Remote компаниясы еңбек демалысына өтініштер ең көп тіркелген ел ретінде Италияны атады. Мұнда көрсеткіш әдеттегі деңгейден шамамен екі есе жоғары. Екінші орында Үндістан (1,6 есе өсім), үшінші орында Ирландия (1,57 есе өсім).

Ойыншылардың біраз бөлігі демалыс алу себебін өтініште ашық көрсеткен. 

GTA VI ойынын ең алғашқы болып Жаңа Зеландия халқы ойнайды

Rockstar Games компаниясы әзірлеген ойын PlayStation 5 және Xbox Series X|S платформаларында қолжетімді. Бұған дейінгі GTA V 2013 жылы шыққанын ескерсек, ойыншылар жаңа бөлімді 13 жыл күткен.

GTA VI-ны алғашқылардың бірі болып Жаңа Зеландия тұрғындары ойнай алады. Бұған уақыт белдеулерінің айырмашылығы себеп.

Қазақстандықтар ойынды қай кезде ойнай алады?

Қазақстандық ойыншылар үшін тағы бір ерекшелік бар. Елімізде PlayStation Store-дың жеке қазақстандық өңірі болмағандықтан, пайдаланушылар ойындарды сатып алу үшін өзге елдердің аккаунттарын қолданады. Соның ішінде Түркия өңірінде тіркелген аккаунттар да кездеседі. Алайда ойынның нақты ашылатын уақыты таңдалған өңірге және платформаның іске қосу тәртібіне байланысты.

Сондықтан Қазақстандағы ойыншылар өздері тіркелген PlayStation аккаунтының өңіріне қарай ойнауға мүмкіндік алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу