Ертең Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының ресми ашылуы өтеді

530

28 және 29 наурызда Бейжіңде Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының ресми ашылуы өтеді.  

Ертең Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының ресми ашылуы өтеді Фото: gov.kz

2024 жылдың Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы болып жарияланғаны Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылы Қытайға ресми сапары барысында белгілі болды.

Бейжіңге Қазақстанның ресми делегациясы келіп жетті. Оның құрамында Премьер-Министрдің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу, Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, сондай-ақ әкімдіктердің, Kazakh Tourism Ұлттық компаниясының, "Атамекен" ҰКП-ның өкілдері мен 150-ден астам мәдениет қайраткері бар, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қазіргі таңда ресми іс-шаралар өтетін нысандарда қызу дайындық барысы жүріп жатыр. Конференц зал мен концерттік залдар қонақтарды күтуге әзірленіп, әртістік ұжымдар дайындықтарын жүргізіп жатыр.

Жылдың ашылуы аясында бірқатар іс-шара өтеді. Олар Туризм және инвестицияларды дамыту бойынша Қазақстан-Қытай форумы, Қазақстан облыстарының көрмесі, этноауылдағы мәдени іс-шаралар, сонымен қатар гала-концерт болмақ. Ұйымдастырушы – Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі.

Айта кетейік, форумға қатысушылар Қазақстанның 17 облысының стендтерін тамашалай алады. Онда әрбір өңірдің туристік нысандары көрсетілген.

Сондай-ақ форум аясында туризм саласындағы мемлекеттік органдар мен компаниялардың қатысуымен екі панельдік сессия өтеді. Бірінші сессия "Қытай саяхатшылары үшін Қазақстандағы ұйымдастырылған туризм мүмкіндіктері", екінші сессия "Туристік бизнестегі әріптестік: Қазақстан-Қытай арасындағы инвестициялық мүмкіндіктер".

Оған қоса, форум барысында "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы мен Messe Frankfurt Asia Holding өкілдері арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылады.

Өз кезегінде Қазақстан мәдениетін гала-концертте өнер көрсететін әртістер таныстырады. Олардың қатарында шығармашылық музыка және би ұжымдары, сондай-ақ Роза Рымбаева, Әли Оқапов, Майра Мұхамедқызы, Зарина Алтынбаева, "Ұлытау" тобы және басқа да жарқын солистер бар. Гала-концертте Қытайдың өнерпаздары да өнер көрсетеді.

Оған қоса, делегаттар тізімінде Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, UFC спортшысы Шавкат Рахмонов пен Олимпиада жүлдегері Қанат Ислам да бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу