Ертеңнен бастап шетелдік көліктер сақтандырылмайды

551

Ертеңнен бастап шетелдік көліктер сақтандырылмайды. Яғни қазақстандықтарға басқа мемлекетте тіркелген автомобильге сақтандыру полисін алуға тыйым салынады. 

Ертеңнен бастап шетелдік көліктер сақтандырылмайды

Тиісінше, енді темір тұлпарды Қазақстанның өзге азаматына сақтандыру арқылы сата да алмайсыз.

Жауаптылар шетелдік көліктерді заңдастыруға дайындықты шындап бастаған сыңайлы. Бірінші кезекте елге шекара асып келетін көліктерге тосқауыл қойды. Осылайша сақтандыру жаздырып, емін-еркін ел кезіп жүрген көпшіліктің әрекетін тыймақ. Сақтандыру болмаса жол көлік қозғалысына қатыса алмайтыны белгілі. Жылдарға созылған мәселені шешуді былтыр Мемлекет басшысы тапсырған болатын.  

Кейбір жақын шетелдерден әкелінген автокөліктерге қатысты түйткілдер баршаға мәлім. Заң аясынан тыс қалып отырған мұндай көліктер қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіруде. Заңсыз көлік әкелетін амал-тәсілдің бәріне тосқауыл қою үшін батыл шаралар қабылдау қажет. 

Президент пәрмені орындалды. Ертеңнен бастап ел азаматтарына шетелдік көліктерге сақтандыру полисін алуға рұқсат жоқ. Ішкі істер министрлігі жаңа тыйымның мән-жайын бірер күнде толық түсіндіреміз,- дейді. Әзірге бір анығы бұл шешім енді өзгермейді. Өзгерістің өзектілігін саладағы мәселелерге қатысты салмақты ой айтып жүрген сарапшылардан сұрап көрдік. 

"Бұл әрекет елімізді көптеген шетелдік көліктерден тазарту мәселесінен туындап отыр. Тәртіп орнатудың бір амалы деп білемін. Кей азаматтар тізгіндеп жүрген көліктердің қай жақта тіркелгені, елімізге қалай кіргені де белгісіз. Бұған дейін де бұл мәселені сан мәрте көтердік. Олар қандай сақтандырумен жүр? Егер жол көлік оқиғасы болса, ол қолында бар сақтандыруымен басқа азаматқа келген шығынды жаба алады ма? Жолдағы қауіпсіздік маңызды. Сондықтан барлығы заңды болуы керек", дейді Жол қозғалысы қауіпсіздігі қауымдастығының жетекшісі Арсен Шакуов.

"Тиісті деңгейде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Оған құлақ асқан жан болмады. Бүгін барып сақтандырып алса бір жыл жүруіне мүмкіндік бар. Сондықтан даурығудың себебін көріп тұрған жоқпын", - дейді сарапшы. Мұндай пікірді басқа мамандар да қуаттай түсті. Тек бұл билік басындағылардың бас-көзсіз жасаған әрекеттерін жуып-шаю ғана,- дейді Айдар Әлібаев. Ол шекарадан көлікті шектеусіз кіргізгенде, кейін салдарымен қалай күресеміз деп ешкім ойлаған жоқ деп отыр.  

"Әу баста мәселені ушықтырып алмауды ойластыру қажет. Машинаны әкеліп жатқан, оны алып жатқан халықтың, мемлекеттің мүддесін ескеріп, ортақ шешім шығару керек еді. Бірақ оған жауаптылар пысқырып та қарамады. Артын ойламай, шекарадан барлығын өткізді. Салдарынан Қазақстан көлік қоқысына айналды. Енді шетелдік көліктерді сақтандырмауды көтеріп отыр. Мәселені түпкілікті шешудің басқа жолы жоқ қазір. Қашанға дейін алып-сатарлардың пайдасына шешім шығарып, шетелдік көліктерді тіркей береміз", дейді Сарапшы Айдар Алибаев.

12-ші қаңтарға дейін сақтандыру полисін сайлап алсаңыз қуаныңыз. Рәсімделген полистер, мерзімі аяқталғанша жарамды. Демек қолда бар құжатпен елде еркін жүре аласыз. Ал транзиттік нөмір таққан көліктерді, бұрынғыдай 10 күнге дейін сақтандыру жалғасады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу