"Ертіс" өзеніне жанармай құйылды: экологтар сынамалар алды

Павлодар облысындағы өзен жағдайы көпшілікті алаңдатты.  

"Ертіс" өзеніне жанармай құйылды: экологтар сынамалар алды Фото: видеодан кадр

Өңір тұрғындары өзеннің бетінен майлы дақтарды аңғарды. Оған қоса, судың үстінен жанар-жағармай мен мұнай өнімдерінің иісі шығатынын байқады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Әлеуметтік желілерде Ертіс өзенінен бөлінетін, ел арасында "Жылы ағын" деп аталатын сағасының аумағында түсірілген бейнежазба тарады. Одан су бетінің майланғанын байқауға болады. Автордың айтуынша, жанармайдың иісі де сезіледі. Сондықтан су мұнай өнімдерімен ластанған деген болжам жасады. 

"Бұл - жай ғана қоқыс немесе ластанған су емес. Біз жыл бойы Ертіс өзенінің сағасы маңына келіп, демаламыз. Бірақ мұндай ластанған емес. Бұл жолы не болғанын түсінбедік. Ертіс – аймақтың басты күретамыры. Сондықтан оның жағдайына бей-жай қарауға болмайды", – деп алаңдаушылық танытты видео авторы. 

Павлодар облыстық экология департаментінің басшысы Әсет Сыздықовтың айтуынша, мамандар бейнежазбаны қарап, сынамалар алды. Оның нәтижесі тек бес тәуліктен соң шығады. 

"Ел арасында "Жылы ағын" деп аталатын су айдыны – Ертіс өзенінің маңызды сағаларының бірі. Оның суы Ақсу электр станциясына түскенде ластаушы механизмдермен немесе өндірістік заттармен араласпайды. Ол тек құрал-жабдықтарды салқындату үшін қолданылады. Яғни, кәсіпорын өзенге ластайтын заттарды жібермейді. Ал қазіргі жағдайда өзен суына не құйылғанын, не ластағанын сынамалар нәтижесі дайын болған соң ғана біле аламыз", – деді департамент басшысы. 

Айта кету керек, "Жылы ағын" суы қыстың қақаған суығында да қатпайды. Үсті үнемі буланып тұрады. Себебі өзеннің бұл бөлігіндегі су Ақсу станциясындағы қондырғыларды салқындатады. Кейін ыстық күйінде шығып, саға суына қосылады. Одан соң жылы қалпында өзен арнасы бойымен төмен ағып, Ертіске қайта қосылады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу