Ертіс өзенінің экологиялық жүйесіне қауіп төнді

1655

20-сәуірден бастап төрт тәулікте секундына 3000 текше метр су босатылуы тиіс болса, ол 500 текше метрге азайған. 

Ертіс өзенінің экологиялық жүйесіне қауіп төнді Фото: egemen.kz

Ертіс өзенінің экологиялық жүйесі бұзылуы бек мүмкін. Су арнасынан асып жайылмаса, шабындықтар құрғап балықтар уылдырық шаша алмай қалады. Ең сорақысы, Ертісті жағалай қонған Павлодар облысындағы үш ауданның бірнеше елді мекеніне қауіп төнеді. Осылай, деп дабыл қаққан Мәжіліс депутаттары, Экология және табиғи ресурстар министріне үндеу жолдады.

Үш мемлекеттің аумағымен өтетін қарт Ертіс Павлодар облысының тұсына келгенде 5-тен 20 шақырымға дейін жайылады. Бір екі аптаға созылатын көктемнің бұл кезеңінде балықтар уылдырық шашып, тоғайдағы шабындықтар суға толады.  Биыл, Шығыстағы қоймалардан су жіберу бекітілген кестеден ауытқып кеткен. Мәселен, 20-сәуірден бастап төрт тәулікте секундына 3000 текше метр су босатылуы тиіс болса, ол 500 текше метрге азайған. Содан болып Ертіс арнасынан аспай қалды. Ал, оның салдары сан соқтырады.  

"Экологиялық жүйені бұзуға да алып келуі мүмкін. Одан бөлек жалпы, осы өзенді бойлау орналасқан ауылдардағы шабындықтың тиісті деңгейде суарылмай қалуына, тиісті деңгейде қажетті сумен қамтамасыз етілмей қалуына әкелуі мүмкін. Осыған байланысты Парламент Мәжілісіндегі бірқатар әріптестерімізбен бірге экология минситрлігіне арнайы сауал жолдадық", - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантай.

Су деңгейінің күрт төмендеуі жағалаудың құрғап, жардың құлауына әкеп соғады. Бұл өз кезегінде жиекте орналасқан Май, Аққулы, Железин аудандарының үш елді мекен тұрғындарына қауіп төндіреді. Ертіс шабындықтарға жайылғанда таяз суда балықтар уылдырық шашуы тиіс.    

"Таяз су болмаған соң балықтар табиғи жолмен уылдырық шаша алмай қалады. Ал, уылдырық шашқан күннің өзінде оның шабаққа айналып өсіп өнуіне қиындық туындайды. Содан болып Ертіс  өзенінде өмір сүретін балықтар азайып кетуі мүмкін", - деп түсіндірді Биология ғылымдарының магистрі, ихтиолог Жарқын Қабдолов.

Осы мәселе бойынша Астанада жүрген облыстық басқарма басшысы, қазіргі таңда проблема шешіліп жатқанын айтады. Жақын күндері су жіберу кестеге сай жүргізілетін болады, деп сендірді. 

Ведмство басшысы шабындықтар 70 пайызға суға толатынын айтады. Бұл былтырғы көрсеткіш. Айтпақшы, шыбын-шіркеймен күресу үшін де судың мейілінше жайылғаны керек ақ!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу