Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ермұрат Бапидің сауалына жауап бере отырып, Қазақстан мұнайының Еуропаға транзитіне Мәскеу шектеу қойғаны туралы ақпаратқа қатысы пікір білдірді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
– Сіздің мұнай құбыры туралы көтеріп отырған сұрағыңыз әлі ресми дерек емес. Мәлімет ақпарат алаңында пайда болды. Оны әлі тексеріп, уәкілетті келіссөздер жүргізу керек деп есептеймін. Қандай да бір пікір білдіруге әлі ерте деп ойлаймын, – деді Ержан Біржанов.
Бұған дейін Энергетика министрлігі де "Дружба" мұнай құбыры жүйесі арқылы Германияға мұнай транзитіне қатысты БАҚ-та тараған ақпаратқа түсініктеме беріп, оны терістеген болатын. Әзірге Ресей жақтан ресми мәлімдеме жоқ екенін хабарлады.
Айта кетейік, осыған дейін Reuters агенттігі "Көрші ел қазақ мұнайын Еуропаға тасуға тыйым салды" деп жазған болатын. Әйгілі басылым аталған ақпаратты үш түрлі дереккөз мәліметіне сүйене отырып хабарлады.