Бейнежазбадан ер адамның аяғына тұра алмаған қарияға жекіп сөйлеп, жұлқылап, ұрып-соққаны анық байқалады. Ол қартты балағаттап, "екі қабырғаңды сындырамын" деп қорқытқан.
"Тұр! Тұрмайсың ба?! Тағы ұрамын. Есек, тұр аяғыңды бас! Жүр! Өмір сүретін қыламын не өлетін қыламын", – дейді ер адам видеода.
Жанында жүрген әйел де дөрекілік танытып, қарияға қол көтергені көрінеді.
Автор видеоны жасырын түсірген. Кейбір кадрда қарттың жолда отырып қалғаны, ал тағы бірінде соққының дыбыстары анық естіледі.
Бұл жағдай жұртшылықтың наразылығын тудырды. Желі қолданушылары үлкен кісіге қол көтергендерді қатаң айыптап, ауыр пікірлер қалдырды.
Оқиғаға қатысты Түркістан облыстық Полиция департаменті қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.
– Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазір болған оқиғаның мән-жайы анықталуда. Қажетті жедел-тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Нәтижелері бойынша тиісті шешім қабылданатын болады. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіндегі өзге ақпарат жария етілмейді, – деп мәлімдеді полиция.
Қазір істің мән-жайы толық тексерілуде.