Алматы облысында полиция есірткіні заңсыз өндірудің толық циклін жүзеге асырған қылмыстық топтың қызметін тоқтатты.
Қылмыстық топ құрамында есірткі өсіруден бастап, оны VIP-санаттағы клиенттерге өткізуге дейінгі барлық кезең ұйымдастырылған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Арнайы операция барысында автоматтандырылған жасырын фитозертхана анықталып, ондаған келі дайын есірткі, қару-жарақ пен ірі көлемдегі қаражат тәркіленді. ІІМ-нің мәліметінше, арнайы іс-шара "Қарасора – 2026" жедел-профилактикалық операциясы аясында жүргізілген.
ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірхановтың айтуынша, жойылған фитозертхана заманауи автоматтандырылған желдету жүйесімен, температура, жарық және суаруды бақылайтын арнайы датчиктермен жабдықталған. Мұнда жыл бойы құрамында есірткісі бар жоғары концентрациялы қарасора сұрыптары өсіріліп келген.
"Жасырын кіреберісі бар жертөлені тінту кезінде 29 түп қарасора, 27 келі дайын өнім, есірткі өсіруге арналған арнайы жабдықтар, электрондық ақпарат тасымалдағыштар, байланыс құралдары, қылмыстық жолмен алынған 3 миллион теңге және тіркелмеген атыс қаруы мен оқ-дәрілер тәркіленді", – деп хабарлады ҚР ІІМ.
Ол элиталық сұрыптарды өсіруге арналған жабдықтарға тапсырыс беріп, каннабисті жоғары концентрациялы экстрактілерге, соның ішінде гашиш майына айналдыру тәсілдерін меңгерген.
Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде оның бұрын аса ауыр қылмыстары үшін бірнеше рет сотталған 45 жастағы сыбайласы да қолға түсті. Күдіктінің гаражынан 4 келі гашиш, буып-түйілген есірткі өнімдері, zip-пакеттер мен есірткі қолдануға арналған құралдар тәркіленді.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары қылмыстық топтың өзге мүшелерін, тұқым мен арнайы жабдықтарды жеткізу арналарын және заңсыз схеманың басқа да қатысушыларын анықтау бағытында тергеу жүргізіп жатыр.
Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сонымен қатар, олардың қылмыстық жолмен алынған жылжымайтын мүлкі мен қымбат автокөліктеріне тыйым салынды.