Есірткіні "телеграм-боттар" және өзге интернет-ресурстар арқылы сату кеңінен таралуда - ІІМ

Қылмыстық бизнес толығымен кибер салаға көшті.  

Есірткіні "телеграм-боттар" және өзге интернет-ресурстар арқылы сату кеңінен таралуда - ІІМ Фото: fedpress.ru

Бұл туралы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Үкімет отырысында айтты.

"Кешенді жоспардың негізгі бағыттарына тоқталайын. Біріншісі, қазір жоғары технологиялардың нағыз дамыған заманы. Есірткі бизнесі де толығымен кибер салаға көшті. Есірткіні "телеграм-боттар" немесе басқа да интернет-ресурстар арқылы сату кеңінен тарап жатыр. Мысалы, биыл тіркелген әрбір жетінші есірткі қылмысы – интернет арқылы сатумен байланысты. Әрине, біз мұндай инкогнито интернет-дүкендерді жауып жатырмыз", – деді министр.

Биыл 604 есірткі сайтын жаптық.

Оның сөзінше, бұл шара мәселені түбегейлі шешпейді. Өйткені, жылдам жаңа сайттарды ашуға болады. Ал оны анықтау – ұзақ уақыт алады. Ұйымдастырушыларды анықтау – одан да күрделі. Себебі, олар шетелдерде орналасқан.

"Мұндай заңсыз "контентті" тоқтату үшін, заманауи аппараттық-бағдарламалық жабдықтар қажет. Сондықтан, Кешенді жоспарда тиісті құралдармен қамтамасыз ету көзделіп отыр ("Аргус", "Айрис", "Тритон"). Олар – әлеуметтік желілер немесе сайттар арқылы есірткінің таралуын анықтауды автоматтандыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, "Кибернадзор" жүйесі – сайттар ашылса, оларды онлайн түрде бұғаттайды. Яғни, жасанды интеллект өзі анықтап, дереу тосқауыл қояды. Сонымен қатар, сайтты ұйымдастыратын және оны пайдаланатын адамдарды анықтауға мүмкіндік болады", – деді министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу