Балтық елінің ішкі істер министрі Игорь Таро Ресеймен шекараны өту тәртібін жеңілдету туралы ұсыныстарға қатысты журналистердің сұрақтарына жауап беріп, Эстония шекараны жеңілдетуді жоспарламайтынын мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты Коммерсант басылымына сілтеме жасап.
"Сіздерге ашық түрде айтамын: Ресейге сапар шегуді жеңілдету бағытында ешқандай үлкен қимылдар болмайды. Оған үміттенудің қажеті жоқ", – деді Таро.
Ресей мен Эстония арасындағы шекарада үш өткізу пункті жұмыс істейді, олардың ішінде "Нарва" тек күндізгі уақытта ашық. Қалған екі өткізу пункті – "Лухамаа" және "Койдула" – қалыпты режимде жұмыс істейді.
Эстония ішкі істер министрлігі биыл қаңтарда Ресеймен шекараны жабу қажеттілігі жоқ екенін айтқан болатын.
Ал маусым айында министрлік, егер "Нарвадағы" кезектер тым ұзақ болып, шекараны өту жағдайлары нашарласа, осы өткізу пунктін жауып тастайтынын мәлімдеді.