Euronews халықаралық медиа платформасы Алматының туристік әлеуеті туралы арнайы материал жариялады. Мақала Yahoo Travel платформасында да жарық көрді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Discovering Almaty: Mountain mornings, street art and market flavours атты материал ағылшын, неміс және испан тілдерінде ұсынылған. Онда қаланың көрікті орындары, соның ішінде Шымбұлақ тау-шаңғы курорты, Көк базар, тарихи сәулет нысандары мен заманауи мәдени кеңістіктер туралы баяндалады. Сондай-ақ авторлар Almaty Museum of Arts музейіне тоқталып, ұлттық тағамдар мен дәстүрлі сусындарды таныстырған.
Материалда Алматыны транзиттік аялдама ретінде ғана қарастырмай, қаланың мәдениетімен, асханасымен және табиғатымен жақынырақ танысу үшін бірнеше күн арнау ұсынылады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматыға 2,5 миллионға жуық турист келген. Олардың 754 мыңы — шетелдік қонақтар. Шетелдік туристер саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 10%-ға артқан.