Еуроодақ елдері Ресейге қарсы кезекті санкциялар пакетін бекітті

352

Одаққа мүше барлық мемлекет құжатты мақұлдады.  

Еуроодақ елдері Ресейге қарсы кезекті санкциялар пакетін бекітті Фото: espreso.tv

Мажарстан бірнеше ай бойы Ресейге қарсы 20-санкциялар пакетіне қойылған кедергіні алып тастады. Осыдан кейін Мәскеуге қарсы жаңа шектеу шаралары бекітілді.

Еуропалық одаққа мүше 27 елдің тұрақты өкілдері Ресейге қатысты жаңа санкцияларды қолдап дауыс берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.

Ендігі кезекте тиісті мәселе Еуроодақ Кеңесінде жазбаша бекіту рәсімінен өтуі тиіс. Бұл процесті 23 сәуір күні аяқтау жоспарланып отыр. ЕО жанындағы Мажарстан мен Словакия елшілері де бұл шешімді қолдады.

Украина 22 сәуір күні "Дружба" мұнай құбырының жұмысын қайта жандандыруға рұқсат берді.

Бұған дейін Словакия билігі "Дружба" құбыры арқылы ресейлік мұнайды қайта алмайынша Мәскеуге қарсы кезекті санкциялардың қабылдануын тоқтататынын мәлімдеген болатын. Елдің сыртқы істер министрі Юрай Бланардың сөзінше, Братиславада Киевті мұнай құбырының жұмысын қайта ашуға мәжбүрлейтін басқа құрал жоқ.

Өз кезегінде Мажарстандағы парламент сайлауында жеңіске жеткен "Тиса" партиясының көшбасшысы Петер Мадьяр Украинаға қатысты Еуроодақ шешімдеріне кедергі келтірмеуге уәде берді. Еуроодақ елдері қазірдің өзінде 21-санкциялар пакетін талқылауға кіріскен.

Еурокомиссия Ресейге қарсы 20-санкциялар пакетін ақпан айының басында ұсынған болатын. Брюссель тиісті құжатты Украинадағы соғыстың төрт жылдығы қарсаңында бекітуді жоспарлағанымен, Будапешт қарсы шығып, ортақ шешім қабылданбады. Ал санкция енгізу үшін одаққа мүше барлық елдердің бірауызды келісімі қажет.

Санкциялар пакетіне сәйкес, Ресейдің мұнай экспортына, банк жүйесіне, саудаға қатысты қысымды күшейту көзделген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу