Еуропа елдері Путинді соғысты тоқтатуға шақырды

1055

Бірлескен мәлімдеме жарияланды.  

Еуропа елдері Путинді соғысты тоқтатуға шақырды Фото: BILD

Германия, Франция, Ұлыбритания және Украина Ресей президенті Владимир Путинді соғысты тоқтатып, келіссөздер үстеліне отыруға шақырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BILD-ке сілтеме жасап. 

Германия канцлері Фридрих Мерц, Франция президенті Эмманюэль Макрон, Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер және Украина президенті Владимир Зеленский Лондонда өткен кездесуден кейін бірлескен мәлімдеме жариялады. Тараптар Ресейді атысты тоқтатуға, Украинадағы қазіргі майдан шебін келіссөздердің бастапқы негізі ретінде қабылдауға және бейбіт келіссөздер жүргізуге шақырып отыр.

Мәлімдемеде Украинадағы тұрақты бейбітшілікке қол жеткізудің негізгі шарттары аталды. Соның қатарында Киевтің өз қауіпсіздігін шектеусіз қамтамасыз етіп, кез келген одақтарға қосылуы жөніндегі таңдау құқығы туралы да айтылған. Бұдан басқа атысты тоқтату күшіне енгеннен кейін Украинаға сенімді әрі заңды қауіпсіздік кепілдіктері берілуі тиіс екені көрсетілген. Тараптар ел аумағына көпұлтты әскери күштерді орналастыру мәселесін көтерген.

Бірлескен мәлімдемеге сәйкес, Ресейдің активтері соғыс аяқталып, Украинаға келтірілген шығын толық өтелмейінше бұғатта болады. Бүгінде Еуроодақта Ресей Орталық банкінің 210 миллиард еуроға жуық активтері бұғатталған. Кез келген келісімде Еуропаның қауіпсіздік мүдделері ескерілуі тиіс екені туралы да шарт бар.

Еуропалықтар Зеленскийге әскери қолдау көрсетуді жалғастырамыз деп отыр. Тиісті мәселе маусым және шілде айларында өтетін G7 мен НАТО саммиттерінде, "ниеттілер коалициясының" келесі кездесуінде көтерілмек.

Аталмыш батыс елдері Украинаның зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін күшейту маңызды екенін жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу