Украинаның еуропалық одақтастары Киев пен Мәскеу арасындағы ықтимал бейбіт келісімді қамтамасыз ету үшін "көпұлтты күш" құруды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл туралы Германия, Франция, Ұлыбритания, Италия, Польша, Финляндия, Норвегия, Швеция, Нидерланд, Дания елдерінің, сондай-ақ Еуропалық кеңес пен Еуропалық комиссия басшыларының Берлиндегі келіссөздер қорытындысында жариялаған бірлескен мәлімдемесінде айтылған. Құжат Германия үкіметінің ресми сайтында жарияланды.
"АҚШ-тың қолдауымен Еуропа басқаратын және коалиция аясында мүдделі елдерден құралған "Украинаның көпұлтты күштері" Украина Қарулы күштерін қалпына келтіруге, елдің әуе кеңістігі мен теңіз қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ Украина аумағында операциялар жүргізу арқылы қауіпсіздікті сақтауға ықпал етеді", – делінген құжатта.
Бірлескен мәлімдемеде бейбіт уақытта Украина әскерінің саны 800 мың әскери қызметкерден аспауы керектігі жазылған. Бұдан бөлек АҚШ басқаратын, халықаралық тараптар қатысатын атысты тоқтатуды бақылау тетігі де құрылуы тиіс.
Мәлімдемеде Еуропаның болашақта Украинаға қарсы жасалуы мүмкін кез келген шабуыл жағдайында бейбітшілікті қалпына келтіру үшін шаралар қабылдауға міндеттеме алатыны да көрсетілген.