Еуропада газ бағасы қымбаттады

655

Газдың биржалық бағасы 1 мың текше метр үшін 1250 доллардан асты. Оған Лондон ICE биржасының деректері дәлел.  

Еуропада газ бағасы қымбаттады Фото: imageBROKER.com

Нидерландыдағы TTF хабындағы индекске сәйкес, желтоқсан айындағы фьючерстер бойынша сауда-саттық бір мың текше метр үшін 1294,5 долларда (+6,9%) белгіленді, деп жазады inbusiness.kz "РИА Новости" сайтына сілтеме жасап.

Олардың құны Мәскеу уақытымен 10.21 бойынша 1268,5 доллар құрады (+4,8%). Баға ұсыныстарының динамикасы алдыңғы сауда күнінің болжамды бағасынан бір мың текше метр үшін 1211 доллардан келеді.

Дүйсенбідегі сауда-саттық қорытындысы бойынша биржадағы газдың құны 20%-ға, мың текше метр үшін шамамен алғанда 1250 долларға дейін өскен. Ресейдің Ұлттық энергетикалық қауіпсіздік қоры басшысының орынбасары Алексей Гривач "РИА Новости"-ге берген түсініктемесінде мұны суықтың күтілуімен және Норвегиядан газ жеткізу мәселелерімен байланыстырған.

Наурыз айының басында газдың биржалық бағасы төрт күн қатарынан тарихи максимумды жаңартқан. 7 наурызда бір мың текше метр үшін баға 3892 доллар болып, рекорд орнатты. Сәуір-мамыр айларында газдың құны төмендеді, алайда жаз мезгілінде Ресейден көгілдір отын жеткізілімі қысқарғаннан кейін ол қайтадан шарықтады.

Тамыз айында орташа есеп айырысу бағасы 2450 доллардан асты. Бұл 1996 жылдан бері Еуропадағы газ хабтарының жұмыс істеу тарихындағы рекорд болатын.

Күзде бағаның төмендеуі байқалды. Қыркүйек айында фьючерстердегі орташа есеп айырысу бағасы 2093 долларды құрады (-14,6%), Қазанда бір мың текше метр үшін 1377 долларға дейін төмендеді (-34,2%). Сарапшылар мұны Еуропадағы газ қоймаларының толу деңгейінің жоғары болуымен, электр қуатын үнемдеу және жылы ауа-райына байланысты газға сұраныстың төмендеуімен байланыстырған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу