Еуропада жанар-жағармай бағасы шарықтап барады

754

Таяу Шығыстағы шиеленіс салдарынан әлемдік мұнай жеткізілімі бұзылды. Нәтижесінде қара алтынды қайта өңдеу шығындары күрт өсті.   

Еуропада жанар-жағармай бағасы шарықтап барады Фото: zh-shugylasy.kz

Өткен аптада Еуроодақ аумағында бензин мен дизель отынының бағасы ең жоғары рекордтық межені бағындырды. Бұл туралы Еуропалық комиссия мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Euronews-ке сілтеме жасап.

Басылымның жазуынша, әсіресе Францияда дизель отынының бағасы тарихи рекордты жаңартқан. AFP агенттігі жүргізген талдау мәліметтеріне сәйкес, жексенбі күні бұл елде дизель отынының бір литрі 2,41 еуроға дейін жеткен.

Ақпан айында АҚШ пен Израиль Иранмен соғысты бастағалы бері бүкіл әлемде жанармай құю станцияларындағы баға өсіп жатыр. Соңғы күндері Йемендегі ахуалдың қайта ушығуы мен Сауд Арабиясының энергетикалық инфрақұрылымына жасалған шабуылдар отын бағасының одан әрі шарықтауына әсер етті.

Агенттіктің Орталық Еуропа уақытымен сағат 10:30-дағы есептеуіне сәйкес, Франция Экономика министрлігінің сайтында 8 700-ден астам май құю бекеті жариялаған бағаның орташа көрсеткіші бір күн бұрынғы рекордты тағы да жаңартқан. Мәселен, 6 700-ден астам жанармай бекетінің дерегіне сүйенсек, жексенбі күні таңертең елдегі сұранысқа ие SP95-E10 маркалы бензин бағасы литріне 2,17 еуродан асты. Франция өткен аптаның қорытындысы бойынша бүкіл Еуропалық одақ аумағында жанармай бағасы ең жоғары елдердің бірі болып отыр. 

Сарапшылар Таяу Шығыстағы қақтығысты тоқтату, сондай-ақ энергиямен қамтамасыз етуді және мұнай өңдеу қуатының жұмысын қалпына келтіру бағаны төмендетудің негізгі факторлары болатынын жеткізді.

Айта кету керек, бұған дейін Таяу Шығыстағы шиеленістен Германияда дизель отыны қымбаттап жатқанын жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу