Еуропалық одақта алдағы 7 жылға арналған бюджетті қаржыландыру мәселесіне қатысты келіспеушіліктер күшейді, деп жазады inbusiness.kz сайты Bloomberg-ке сілтеме жасап.
Еуропарламент одақтың бюджетін шамамен 10 пайызға қысқарту ұсынысына қарсы шығып, ЕО елдері басшыларының келісімін мақұлдамауы мүмкін екенін ескертті.
26-27 қарашада Брюссельде Еуроодақ елдері басшыларының екі күндік арнайы саммиті өтіп жатыр. Жиында Украинаға қосымша несие беру және Еуроодақтың 2028–2034 жылдарға арналған бюджетін бекіту мәселелері қаралуда.
Дипломатиялық және үкіметтік дереккөздердің болжамынша, бюджет жөніндегі түпкілікті келісімге желтоқсанда өтетін саммитте ғана қол жеткізілуі мүмкін. Дегенмен бірқатар мемлекет Украинаға жаңа несие беруді бюджет туралы шешімді қолдауға дайын.
Еуроодақ елдері өзара келісе алмай отыр
Германия Киевке көмек көрсетуге одақ құрамындағы 27 мемлекеттің барлығы қатысуын талап етіп отыр.
Бұған дейін Украинаға 90 млрд еуро несие беру туралы келісім жасалғанда Венгрия, Словакия және Чехияға оны қаржыландыруға қатыспаған. Алайда Германия бастаған бірқатар ел бұл тәжірибенің тағы қайталануына қарсы.
Берлиннің пікірінше, несие бағдарламасына қатысудан бас тартқан елдер белгілі бір бюджеттік жеңілдіктерінен айырылуы тиіс, өйткені олар – ЕО қаражатын ең көп алатын мемлекеттердің қатарында. Нидерланд премьер-министрі Роб Йеттен де Германияның ұстанымын қолдады.
"Алдағы жылдары украиналықтарға қосымша әскери және қаржылай қолдау қажет болады. Еуроодақтың бірде-бір елі оған қатысудан бас тарта алмайды", – деді Роб Йеттен саммит басталарда.
Ал Чехия премьер-министрі Андрей Бабиш Украинаға қаржылай көмек көрсету мәселесін Еуроодақтың алдағы бюджетінен бөлек қарастыру керек деп есептейді. Франция да Киевті қаржыландыру мәселесін одақтың өзге бағдарламаларымен байланыстыруды құптамайды.
"Қақтығыс басталғалы бері Украина тікелей немесе жанама түрде 520 миллиард еуро алды. Зеленский мырзаның өзіне 90 миллиард еуро берілді. Енді ол тағы 70 миллиард еуро сұрап отыр.
Осы жерде мен сұрақ қоюға мәжбүрмін: біздің мақсатымыз не? Жыл сайын Украинаға 135 миллиард еуро төлеуді жоспарлап отырмыз ба? Бұл қашанға дейін созылады? 10, 20, 30 жылға созыла ма? Бұл қандай стратегия өзі?", – деді мінберге шыққан Чехияның премьер-министрі Андрей Бабиш.
Бабиштің пікірінше, Еуроодақ соғыс шығынын үнемі көтеретін жағдайға жол бермеуі керек. Мәселені бейбіт жолмен шешетін уақыт жетті.
Еуропалық комиссия Украинаға қосымша 45 млрд еуро несие беру туралы ұсынысты 18 қарашада жариялаған. Қаражаттың 25 млрд еуроға дейінгі бөлігін қорғаныс саласына, ал 20 млрд еуроға дейінгі бөлігін Украина бюджетін қолдауға бағыттау көзделген.
Киев пен Брюссельдің есебінше, 2027 жылы Украинаға қосымша 70 млрд еуро қажет болады. Жаңа несие осы қаржы тапшылығының үштен екісіне жуығын жабуға мүмкіндік береді. Қалған қаражатты халықаралық серіктестерден тарту жоспарланған.