Еуропаның атақты елі Қазақстанмен әуе қатынасын күшейткісі келеді

Қос мемлекет аптасына 28 жолаушылар рейсін орындамақ.   

Еуропаның атақты елі Қазақстанмен әуе қатынасын күшейткісі келеді Фото: aviationtoday.in/gov.kz

Астанада Қазақстан және Швейцария Конфедерациясының авиациялық биліктері арасында келіссөздер өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазақстандық делегацияны Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева басқарған. Швейцариялық делегацияға Швейцарияның Федералдық азаматтық авиация басқармасының (FOCA) келіссөздер бағытының басшысы Лоран Ноэль жетекшілік жасады.

– Келіссөздерге сондай-ақ Air Astana, SCAT, SWISS International Air Lines әуе компанияларының, Базель қаласы әуежайының басшылары, ҚР Сыртқы істер министрлігінің және Швейцария Конфедерациясының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің өкілдері қатысты, – деп ақпарат таратты министрліктің ресми парақшасы.

Кездесу барысында тараптар тікелей әуе қатынасын дамыту перспективаларын және жаңа бағыттарды ашуға қатысты практикалық мәселелерді талқылаған.

– Келіссөздер қорытындысында екі елдің авиациялық биліктері Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат тағайындалған әуе компанияларға аптасына 28 жолаушылар рейсіне дейін орындау құқығын береді. Сонымен қатар, жүк тасымалдарын рейс жиілігі мен сыйымдылығына шектеусіз орындаудың құқықтық негізі қалыптастырылды, – делінген хабарламада.

Швейцария тарапы екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасын дамытудың перспективаларын атап өтіп, қазіргі уақытта Қазақстанға тұрақты рейстер ашу мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлады.

Қазақстан мен Швейцария арасындағы тікелей әуе қатынасының дамуы екі ел арасындағы туризм, сауда-экономикалық және іскерлік байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ өзара жолаушылар және іскерлік ағындарды арттыруға қосымша мүмкіндіктер береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу