Еуропарламент депутаты "Алпамыс батырды" жырлады

1475

Қазақстанда жүріп жатқан ізгілікті, ұлттық сипаттағы "челленджді" Батыс қолдады.

Еуропарламент депутаты "Алпамыс батырды" жырлады

Еуропарламент депутаты, Латвия мемлекетінің азаматы Андрей Мамыкин Қазақстандағы "Тұлпар мініп, ту алған" ұлттық жобасын қолдау мақсатында ұйымдастырылған эстафетаны  қабылдап, "Алпамыс батыр" жырынан үзінді оқыды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Еуродепутат жырсайысты қазақстандық мемлекеттік телеарнаның Бельгиядағы меншікті тілшісі Жанат Эрнсттен қабылдап алғанын хабарлады. Енді ол эстафетаны Қазақстанның сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенкоға тапсырды.

Андрей Мамыкин Латвия университетінің филология факультетін аяқтаған. 2014 жылдан бастап Еуропарламент депутаты қызметін атқарады.

Еске сала кетейік, 2018 жылы Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен "Тұлпар мініп, ту алған!" әдеби, тарихи-танымдық байқауы өтті. Байқауға Алматы қаласындағы 133 мектептен 500 мұғалім қатысып, 1300 оқушы "Алпамыс батыр" жырын жаттады. Қатысушылар ішінде 54 өзге ұлт өкілдері болды.

Осыдан кейін "Тұлпар мініп, ту алған" ұлттық жобасын қолдау мақсатында "Алпамыс жырын" оқудан эстафета ұйымдастырылған болатын. Алғашқы болып, ақыт Серік Сейтман оқыды. Эстафетаны парламент депутаттары Бақытбек Смағұл және Геннадий Щиповских, ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев және басқа да 300-ден аса еліміздің танымал тұлғалары қолдады. Оның ішінде облыс пен қала әкімдері, дипломаттар мен сот жүйесінің өкілдері, жоғары оқу орнының басшылары, ғалымдар, қоғам және мәдениет қайраткерлері, белгілі спортшылар болды.

Биылғы жылы жобаның аясында 132 беттен тұратын "Қобыланды батыр" жырын 50 000 оқушыға толық жаттату көзделуде.

Байқаудың мақсаты – өскелең ұрпақты халық поэзиясына, қазақ халқының рухани асыл мұрасына деген сүйіспеншілікке және патриотизмге тәрбиелеу, елдік пен ерлік рухын, намысшылдық, қайсарлық қасиеттерге баулу. Байқау республика бойынша 6-10 сынып оқушыларының арасында өтеді. Байқау аясында қатысушылар "Қобыланды батыр" жырының Марабай жырау нұсқасын жатқа айтып, жырдың ішіндегі көнерген, тарихи сөздердің мағынасын ашып, әзірленген сұрақтарға жауап береді.

Байқау республика бойынша 5 000 мектептен 50 000 оқушы мен 25 000 мұғалімді қамтиды деп күтілуде. Жеңімпаз атанған оқушылар мен оларды сайысқа баулған ұстаздарды ақшалай сыйақылар күтеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу