Қарағандыда Жауынгер-интернационалистер көшесінде "Ақылды жаяу жүргіншілер өткелі" атты инновациялық аппараттық-бағдарламалық кешен пайдалануға берілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жолдың екі жағына орнатылған заманауи жүйе жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Face ID технологиясының көмегімен ішкі істер органдарының есебінде тұрған тұлғаларды анықтау мүмкіндігіне ие. Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыровтың айтуынша, жобаның басты мақсаты – азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау.
– Жаяу жүргіншілер өткелдеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету – біздің негізгі басымдығымыз. Сондықтан заманауи технологияларды енгізу арқылы жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға күш салып келеміз, – деді Жасқайрат Қайыров.
Полиция мәліметінше, жыл басынан бері облыс аумағында жаяу жүргіншілердің қатысуымен 54 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 5 адам қаза тауып, 50 адам түрлі дәрежедегі жарақат алған.