Фермерлер сыбағаның сазайын тартып жүр

447

Павлодар облысында "Сыбаға" бағдарламасына қатысқан фермерлер сазға отырды. 

Фермерлер сыбағаның сазайын тартып жүр Фото: inbusiness.kz

Еуропаның герефорд сиырын сатып алып субсидияға кенелеміз деген кәсіпкерлер өздері млн-даған теңге берешек болып қалды. Шет елден асыл тұқымды ірі қара мал жеткізіп беретін делдал оператор, алдап соққан. Тек қана олар емес, шенеуніктер де бізді шырғалаңға салды, деген шаруалар енді сот табалдырығын тоздыруға мәжбүр. 

Үш жыл бұрын Баянауылдық фермер Теміржан Қиышев "Сыбаға" бағдарламасына қатысып, 85 млн теңге несие алған. Ол қаражатты еуропадан асыл тұқымды ірі қара мал жеткізіп беретін оператордың есеп-шотына бір тиынын қалдырмай аударады. Содан бері 100 бас сиырдан бір хабар жоқ. Енді, несие берген ұйым қарызды қайтарыңдар, деп қысып жатыр. Кезінде шенділердің сөзіне сеніп қалғанына өкінеді.  

"Бізге оператор тауып берген бұрынғы зам әкім Өтешов Мейрам Олжабайұлы. Операторлармен договорға отырған екен. Бізге осыны төле дейді, мал келген жоқ. Мал келсе ойлағанбыз соның өсімімен төлейміз, деп кредитті. Келмеген малға қалай төлейміз кредитті", дейді Шаруа қожалық басшысы Теміржан Қиышев. 

Дәл осындай жағдай ақтоғайлық фермер Талғат Бейсембаевтың да басында бар. Ол 50 бас зеңгі баба тұқымына тапсырыс беріп, несиеге алған 42 млн 500 мың теңгесін аударған. Ол да Теміржан секілді қора қопсысын салып, бұқаларын сатып алып қойған. Ал, еуропалық герефордтар әлі жоқ.  

"Ол кезде УСХда басшы болып отырған Батырғожинов болды. Қазіргі зам әкім облыстың. Барлығын өзіміз үйге дейін әкеп береміз, бәрін қадағалаймыз бәрін өзіміз жасаймыз. Сендер аламыз десеңдер болды дегенді айтты. Бүгінгі күнге бізге ешқандай көмек жоқ", дейді Шаруа қожалық басшысы Талғат Бейсембаев.

Былтыр күзде фермерлер қостанайлық оператор компанияны сотқа берген. Екі инстанциядан да жеңіп шықты. Алайда, ол фирманың есеп-шотында іліп алар қызыл тиын болмай шықты. Сол себепті, сот орындаушылардың қолынан келер қайран жоқ. Қысқасы ол компания банкрот болған. Ал, біздегі шенділер ешкімге мәжбүрлеп несие алдырған жоқпыз, деп бас алып қашуда. 

"Біз мемлекеттік қызметші ретінде оларға несие ал деп міндеттей алмаймыз. Біз тек алуға ұсыныс айтамыз. "Осындай бағдарлама бар, қатысуға болады деп". Олар асыл тұқымды мал алса біз субсидия беруші едік. Біз ешкімді мәжбүрлей алмаймыз", дейді Облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлеген Көшербаев. 

Бүгінгі таңда фермерлерге несие берген корпорация қарызды өтемеген үшін сотқа берген. Оның үстіне төленбеген берешектің өсімі тағы бар. Мәселен, Теміржан Қиышев 85 млн теңгені 99 млн ғып қайтаруы керек екен. Ал, басқармадағылар өсім пайызын қостырмау үшін несие беруші ұйыммен келіссөздер жүргізіп жатырмыз дейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу