Фермерлердің 55%-ы ғана егін жұмыстарын бастауға дайын

1223

Ұлттық палата фермерлер арасында шұғыл сауалнама жүргізді. Оған 350-ге жуық шаруа қатысты. Олар доллар бағамының өзгеруі мен тасымалдың қиындауынан тыңайтқыш, қосалқы бөлшектер мен тұқымдардың бағасы қымбаттағанына шағымданды, деп хабарлайды inbusiness.kz

Фермерлердің 55%-ы ғана егін жұмыстарын бастауға дайын

Бұдан бөлек күзде тұқымын, құрал-сайманын, жанар-жағармайын алып қойған шаруалардың да кассалық шығындары бар. Шамамен фермерлердің 55%-ы егін жұмыстарын бастауға дайын. Бұл – төмен көрсеткіш. Жартысынан көбінде солярка отыны бар, 80 пайызы тұқыммен қамтылған. Бар болғаны 38%-ы пестицидпен қамтылған, 42%-дан астамының тыңайтқышы дайын. Дегенмен мемлекет қосымша қолдау шараларын шұғыл қабылдамаса, шаруалар көктемгі науқанда егін еге алмай қалады.

Ұлттық палата төралқа төрағасы Райымбек Баталов ауыл шаруашылығындағы мәселелерді, санкция салдарымен жедел күрес, жүйелі мәселелер және қолдау шаралары деп топтастырды.

"Шаруалардың қазір тап болған мәселелері шұғыл шешілсе, көктемгі егін егу науқаны ойдағыдай болады", – деді Палата басшысы аймақтағы фермерлермен онлайн кездесуде.

"Атамекен" ҰКП Агроөнеркәсіп кешені департаментінің директоры Ербол Есенеевтің айтуынша, көктемгі егін науқанында әр гектар жерге 100 доллар деп есептелсе, бұл бағыттағы қаржы бөлу көлемі 1 трлн теңгеге жуықтайды. Бірақ бәрібір қаржы тапшы болады.

Қостанай облысынан "Әлем агро" компаниясының өкілі Амангелді Әбдіқадыров тұқым жеткізетін ірі компаниялардың бірі ретінде маңызды тауарларды бес топқа бөліп, мәселелерге тоқталды. Тұқым мен өсімдіктерді қорғау құралдарының 50 пайызға жуығы елге жетпеген. Көптеген көлік жолда қалып қойды немесе шекарада ұзақ тұрып қалған.

Ұлттық палатаның төралқа төрағасы Райымбек Баталов шаруалардың барлық мәселесін жедел штаб отырысында үкімет мүшелерімен талқылайтынын жеткізді.

Сондай-ақ ол Ұлттық палата үкіметпен келісімге келіп, АШМ әзірлеген субсидиялаудың жаңа тетігін енгізуді кейінге қалдырғанын, ал шаруаларды қолдау деңгейі биыл өткен жылдың деңгейінде қалатынын айтты.

Айта кетейік, Ауыл шаруашылығы министрлігі шаруалар үшін былтырғы деректердің негізінде субсидиялау механизмін әзірлеген болатын. Алайда ол механизм қазіргі күрделі кезеңнің талаптарына жауап бере алмайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу