Фермерлік шаруашылықтар саны 5 есе өседі - ҚР АШМ

2582

Фермерлік шаруашылықтар саны 5 есе өседі - ҚР АШМ

Қазақстандағы фермерлік шаруашылықтардың саны 20 мыңнан 100 мыңға дейін өседі. Бұл туралы бүгін үкімет отырысында "2018-2027 жалдарға арналған етті мал шаруашылығын дамыту" бағдарламасының тұжырымдамасын таныстыру барысында ҚР ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Министрлік ауыл шаруашылығы саласының стратегиялық даму бағыттарына талдау жүргізді. Нәтижесінде, ауыл шаруашығы өнімдерін экспортқа бағыттау және импортты алмастыруға бағытталған 15 басым бағыттар анықталды. Бірінші кезекте біз етті ірі қара мал шаруашылығының және қой шаруашылығының әлеуеті жоғары екенін көріп отырмыз. Біздің негізгі артықшылықтарымыз: кең байтақ жайылым алқаптары, суармалы жерлер және мал шаруашылығымен айналысу қанмен дарыған кәсіп түрі деуге болады. Осы саланы дамытуға бүгінгі таңда барлық ресурстар жеткілікті", - деп тоқталды ол.

Қазақстанда жайылымды жер көлемі - 180 млн гектар. Әлемде жайылымды жерлер бойынша 5-ші орындамыз. Мал басы санын екі есеге арттыруға жайылым көлемі жеткілікті. 110 млн га жайылым алқабы жерасты және жерүсті су көздерімен қамтылған, соңғы 5 жылда 6 млн га жайылым алқабы суландырылды. 2 млн га жерді суландыруға қажетті су көздері бар.

"Ауылдық жерлерде жалпы ел тұрғындарының 50 пайызы өмір сүреді және тіршілік етеді. Бұл дегеніміз, ауыл тұрғындарының басым көпшілігі осы бағдарлама аясында жұмыспен қамтылады. Бағдарламаны жүзеге асыру жаңа мал өсіруші-фермерлер класын құруға мүмкіндік береді. Бағдарлама аясында фермерлік шаруашылықтардың санын 20 мыңнан 100 мыңға дейін өсуін, ауыл тұрғындарына жұмыс орындарын 100 мыңнан 500 мыңға дейін ұлғайтуға мүмкіндік болады", - деді Арман Евниев.  

Сонымен қатар ірі қара мал санын 7 миллионнан 15 миллион басқа дейін көбейтуге, сиыр және қой еті өндірісін 600 мың тоннадан 1,6 млн тоннаға дейін арттыруға, экспорттан түсетін пайда көлемін 2,4 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайтуға, 1 жұмысшыға еңбек өнімділігін 1000 АҚШ долларынан 8000 АҚШ долларына дейін өсіруге негіз болады.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу