Қамауға алынған басшылар рейтингке көлеңке түсіре алмады

1256

Fitch Ratings басшылары қамауға алынған "Самұрық-Қазына" мен ҚТЖ-ның рейтингін өзгеріссіз қалдырды.

Қамауға алынған басшылар рейтингке көлеңке түсіре алмады   Фото: qumash.kz

"Самұрық-Қазына" қорының рейтингі BBB деңгейінде, "Қазақстан темір жолының" рейтингі де BBB деңгейінде сақталды. Агенттіктің бағалауы бұрынғыдай екі ұйымға да мемлекет тарапынан қолдау көрсету ықтималдығының жоғары екеніне негізделген, деп жазады inbusiness.kz сайты.

​​​​​​​"Самұрық-Қазынаның" рейтингісі егеменді рейтингісімен теңестірілген. Себебі Fitch агенттігі мемлекеттің төтенше қолдау көрсету ықтималдығын кепілдендірілген (Virtually Certain) деп бағалайды. Бұл мемлекеттің қордың жалғыз акционері болуымен, оның басшылығын тағайындауымен және қорды стратегиялық мемлекеттік міндеттерді іске асыру құралы ретінде пайдалануымен байланысты.

ҚТЖ рейтингісі бір саты төмен және мемлекеттің қолдау көрсету ықтималдығының өте жоғары (Extremely Likely) екендігін, сондай-ақ компанияның дербес кредиттік бейінінің bb-деңгейінде екенін көрсетеді. ҚТЖ толығымен "Самұрық-Қазына" қоры арқылы мемлекетке тиесілі және ұлттық теміржол операторы қызметін атқарады.

Рейтингтердің өзгеріссіз қалуы ұйымдардың қаржылық жағдайына қатысты Fitch бағасының қайта қаралмағанын білдіреді. Сонымен қатар бұл шешім компаниялардың басшыларына қатысты құқықтық жағдайға берілген баға емес.

Айта кетейік, бұған дейін ҚР ҰҚК "Самұрық-Қазына" қорының төрағасы Нұрлан Жақыпов пен "ҚТЖ" басшысы Елжас Отыншиевті және өзге де тұлғаларды ұстағанын хабарлады. Артынша сот санкциясымен жақында ұсталған Нұрлан Жақыпов пен Елжас Отыншиевке қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу