Физика саласы бойынша Нобель сыйлығының иегері белгілі болды

291

Ол "Антарктидадағы IceCube нейтрино обсерваториясын құруға қосқан үлесі және астрофизикалық шығу тегі бар нейтриноларды ашқаны үшін" марапатталды. 

Физика саласы бойынша Нобель сыйлығының иегері белгілі болды Фото: nobelprize.com

Физика бағыты бойынша 2026 жылғы Нобель сыйлығы Висконсин-Мэдисон университетінің профессоры, бельгиялық ғалым Фрэнсис Хальценге берілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Нобель комитетінің мәліметінше, Хальцен 1988 жылы нейтриноларды анықтау үшін Оңтүстік полюстегі мұзды пайдалануды ұсынған. Мұздың ішінде нейтрино атом ядросымен соқтығысқан кезде пайда болатын жарық жарқылдарын арнайы датчиктер арқылы тіркеуге болады.

IceCube обсерваториясы Антарктида мұзының бір текше шақырымына орналастырылған жарық датчиктерінен тұрады. Нысанды орнату жұмыстары 2011 жылы аяқталған. Кейін зерттеушілер жоғары энергиялы нейтриноларды анықтап, олардың бір бөлігі Күн жүйесінен тыс жерде пайда болатынын анықтады.

Нейтринолар затпен өте сирек әрекеттесетіндіктен, олар Жер мен адам денесі арқылы байқалмай өте алады. Ғалымдардың айтуынша, осы ерекшелік оларды ғарыштағы аса қуатты құбылыстарды зерттеудің маңызды құралына айналдырады.

Нобель комитетінің физика саласындағы төрағасы Марк Пирстің айтуынша, Хальцен халықаралық зерттеушілер мен инженерлер тобын басқарып, астрономияның жаңа бағытына жол ашқан.

Фрэнсис Хальцен 1944 жылы Бельгияның Тинен қаласында дүниеге келген. 1969 жылы Левен католик университетінде философия докторы дәрежесін алған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу