Флойд Мейвезер мен Конор МакГрегор жекпе-жегінен 636 миллион доллар түседі

722

 Флойд Мейвезер мен Конор МакГрегор жекпе-жегінен 636 миллион доллар түседі

Төрткүл дүние жанкүйерлері тағатсыздана күткен атақты боксшы Флойд Мейвезер мен ережесіз жекпе-жек өнерінің хас шебері Конор МакГрегор арасындағы жекпе-жектің 26 тамызда АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтетіні белгілі. Жекпе-жекті ұйымдастырушылар жарыстан түсетін қаражат 636 миллион АҚШ доллары шамасында болады деген болжам айтуда, деп хабарлайды aikyn.kz. 

Екеуі де өз спорт түрлеріндегі теңдессіз тұлға екені даусыз. 40 жастағы Флойд Мейвезер кәсіпқой рингте 50 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. 26 қарсыласын есінен тандырды. АҚШ-тың саңлағы өзі өнер көрсеткен салмақ дәрежелеріндегі атақты спортшыларды тегістей ұтты. Атағы жер жарған жігіттердің дені Мейвезердің алдында дәрменсіз күй кешті. 2012 жылдың 2 мамырында Филиппиннің жұлдызы Мэнни Пакьяоны ұтқаннан кейін бүгінгі таңдағы әлемнің ең белді боксшысы атанды.

Конор МакГрегордың да атағы шарықтап тұр. 28 жастағы Ирландияның тумасы қарсы келгендердің барлығын қоғадай жарып, қазіргі кезде ережесіз жекпе-жектегі ең белді ұйым – UFC-дің чемпионы. Ол бокс мен кикбоксты, каратэ мен таэквондоны, күрес пен капоэйраны жетік меңгерген. Сол себепті де алдағы жекпе-жек барша жанкүйерлерді ерекше қызықтырып отыр. Осы орайда, қос саңлақ арасындағы тартыс кәсіпқой бокстың ережесі бойынша өтетінін ескерте кетейік.

Қос теңдессіз спортшыны жекпе-жекке шығару арқылы ұйымдастырушылар және осы істің басы-қасында жүрген бірқатар азаматтардың үлде мен бүлдеге оранатыны анық. Қазірдің өзінде осы жарыстан түсетін қаражат 636 миллион АҚШ доллары шамасында болады деген болжам айтылуда. Ал Мейвезер мен МакГрегордың әрқайсына 100 миллион доллар сыйақы белгіленді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу