Wizz Air-дің бұрынғы директоры FlyArystan компаниясының президенті болып тағайындалды

Air Astana компаниялар тобының жазуынша, Йохан Эйдхаген қызметіне 2026 жылдың 1 наурызынан бастап кіріседі.    

Wizz Air-дің бұрынғы директоры FlyArystan компаниясының президенті болып тағайындалды Фото: Пәкістан елшілігі

Ол FlyArystan компаниясына Wizz Air әуе компаниясынан ауысады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ол жерде Йохан Эйдхаген бірқатар басшылық қызмет атқарған, соңғы уақытта Абу-Даби қаласында Wizz Air компаниясының басқарушы директоры болды. Wizz Air құрамында ол кадрлар және ESG жөніндегі атқарушы директор, сонымен қатар, маркетинг бойынша атқарушы директор лауазымдарын иеленген еді.

Wizz Air-ге келгенге дейін тәжірибелі маман шамамен 15 жыл бойы Nokia компаниясында әртүрлі елде басшылық қызметтерде отырды. Йохан Эйдхаген Ричард Леджердің орнын басты.

Ал Ричард Леджер Air Astana тобында жаңа басшылық қызметке, яғни серіктестіктер мен альянстар жөніндегі вице-президенті лауазымына тағайындалмақ.

China Southern Airlines және Air India әуе компанияларымен жуырда жасалған келісімдерді қоса алғанда, кодшерингтік серіктестіктер Топтың халықаралық қызметін кеңейтуде маңызды рөл атқарады. Ричард осы бағыттағы мүмкіндіктерді дамытуға, өңірдің ірі нарықтарына қолжетімділікті қамтамасыз етуге жауапты болады.

Air Astana компаниясының бас атқарушы директоры Питер Фостер әріптесінің тәжірибесі туралы айта кетті.

– Йоханның Wizz Air компаниясындағы кадрларды басқару, ESG және маркетинг салаларындағы басшылық қызметтерде жинақтаған көпжылдық тәжірибесі мен бюджеттік әуе компанияларының бизнес-моделі туралы терең түсінігі FlyArystan-ның жоғары өсу әлеуетін толық іске асыруына жол ашады. Технологиялық инновациялар FlyArystan үшін әрдайым қызмет сапасын арттырудың, баға мен жайлылық арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың негізгі элементі болып келді. Йоханның жетекшілігімен бұл бағыт жаңа серпін алып, FlyArystan өңірде және одан тыс өз позициясын нығайта түсетініне сенім мол, – деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу