FlyArystan әуе компаниясы Ыстықкөлде өтетін халықаралық спорттық іс-шараға байланысты Тамшы әуежайынан ұшатын жолаушыларға алдын ала дайындалуға кеңес берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Әуе компаниясының мәліметінше, 2026 жылғы 30 шілде мен 2 тамыз аралығында Шолпан-Ата қаласы мен Тамшы халықаралық әуежайы арасындағы жолда көлік қозғалысына уақытша шектеулер енгізіледі. Осыған байланысты әуежайға жету уақыты ұзаруы мүмкін.
Компания жолаушыларға жолдағы ықтимал өзгерістерді ескеріп, әуежайға ертерек келуді ұсынады.
"Ұшу алдындағы барлық рәсімдерден уақытылы өту үшін әуежайға рейске кемінде 3 сағат қалғанда келуге кеңес береміз. Түсіністік танытқандарыңыз үшін алғыс білдіреміз және сіздерге сәтті сапар тілейміз", – деп хабарлады FlyArystan.
Әуе компаниясы жолаушылардан сапарларын алдын ала жоспарлап, жолдағы уақытша шектеулерді ескеруді сұрады.