Flydubai Алматы мен Дубай арасында жүк рейстерін орындай бастады. Бұл туралы Көлік министрлігі таратқан ақпараттан белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Алматы халықаралық әуежайы Flydubai әуе компаниясының Дубай – Алматы – Дубай бағыты бойынша алғашқы жүк рейсін қарсы алды.
Жаңа жүк бағытының ашылуына орай салтанатты рәсім ұйымдастырылып, әуе кемесі авиациядағы дәстүрлі су аркасымен қарсы алынды. Бұл бағыт бойынша жүк рейстері Boeing 737 әуе кемелерімен аптасына бір рет орындалады.
"Жаңа бағыт Орталық Азия мен Таяу Шығыстың маңызды көлік-логистикалық орталықтары саналатын Алматы мен Дубай арасында тікелей жүк әуе қатынасын қамтамасыз етеді. Бұл бағыттағы тұрақты рейстер экспорттық-импорттық тасымалдарды дамытуға, логистикалық ынтымақтастықты кеңейтуге және сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға қосымша мүмкіндіктер ашады", – деп хабарлады министрлік.