Францияда 11 тамыздан бастап абоненттің алдын ала келісімінсіз жарнамалық қоңырау шалуға тыйым салатын жаңа ереже қолданысқа енеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Билік телефон арқылы жасалатын жарнамалық спамның көлемін азайтып, тұрғындарды мазалайтын маркетингтік қоңыраулар мен алаяқтық әрекеттерден қорғауды көздейді.
Франция үкіметі қолдаған жаңа заң талаптарды едәуір күшейтеді. Жаңа тәртіпке сәйкес, компаниялар әлеуетті тұтынушыларға тек олардың алдын ала берген келісімі болған жағдайда ғана қоңырау шала алады. Ал азаматтар мұндай келісімін кез келген уақытта кері қайтарып алуға құқылы.
Заңда екі ерекшелік қарастырылған:
- Біріншісі – тұтынушы бұған дейін тауар сатып алу, сайтқа тіркелу, сауалнама толтыру немесе дүкенге бару кезінде жарнамалық қоңыраулар алуға келісім берген болса.
- Екіншісі – қоңырау компания мен тұтынушы арасында қолданыстағы келісімшартқа қатысты болған жағдайда.
Франция билігінің мәліметінше, ел тұрғындарының шамамен 75 пайызы аптасына кемінде бір рет қажетсіз жарнамалық қоңырау алады. Ал көпшілігі мұндай қоңырауларға бұдан да жиі тап болады.
2024 жылы Франциядағы тұтынушылардың құқықтарын қорғайтын 11 ұйым мұндай қоңырауларға толық тыйым салуды талап етті. Олардың айтуынша, ұялы және стационарлық телефондарға үздіксіз жарнамалық қоңырау шалу миллиондаған адамның күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналған.
Жаңа талаптарды бұзғандарға қомақты айыппұл қарастырылған. Жеке тұлғаларға 75 мың еуроға дейін, ал компанияларға 375 мың еуроға дейін айыппұл салынуы мүмкін.