Елдің Денсаулық сақтау және Ауыл шаруашылығы министрліктері бұл жағдайға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Франция билігінің ресми ақпаратына сәйкес, адамнан алғаш рет Shamonda вирусы анықталған. Бұған дейін бұл инфекция адамдарға жұқпайды деген болжам болған.
Марқұм ауыр сырқатына байланысты Hospices Civils de Lyon ауруханасында емделген. Алдын ала тергеу нәтижелері оның өліміне дейін пайда болған неврологиялық асқынулардың Shamonda вирусымен байланысты болуы ықтимал екенін көрсеткен.
Мамандардың мәліметінше, инфекция Culicoides тұқымдасына жататын ұсақ қан сорғыш шіркейлер арқылы таралуы мүмкін. 2026 жылдың көктемі мен жазында Францияның шығысындағы жануарлар арасында осы вирус тіркелген. Билік адамнан анықталған жағдайды иммундық жүйесі әлсіреген науқасқа қатысты ерекше оқиға ретінде бағалап отыр.
Shamonda вирусы Orthobunyavirus туысына және Simbu серотобына жатады. Оның негізгі иесі – ірі қара мал. Инфекция ұсақ күйіс қайыратын жануарлар мен жылқылардан да анықталған.
Вирус алғаш рет 1960 жылдардың ортасында Нигерияда тіркелген. 2026 жылға дейін Африка мен Жапонияда жануарлар арасында жұқтыру жағдайлары кездескен. Ал 2026 жылдың жазында инфекция Еуропада алғаш рет анықталып, Германия, Швейцария, Франция және басқа елдерде тіркелді. Вирус жұқтырған сиырлардың дене қызуы көтеріліп, іші өтіп, сүт өнімділігі төмендеген.
Францияның тиісті министрліктері қазіргі ғылыми деректер бойынша Shamonda вирусының жалпы халық денсаулығына қауіп төндіретіні дәлелденбегенін мәлімдеді.
Аталған жағдай туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Еуропалық аурулардың алдын алу және бақылау орталығына хабарланған.