Францияда Елисей сарайынан 2 жыл бойы ыдыс-аяқ ұрлаған қызметкер сотталды

203

Ер адам шамамен 100 затты қолды қылған.  

Францияда Елисей сарайынан 2 жыл бойы ыдыс-аяқ ұрлаған қызметкер сотталды Фото: zerkalo.az

Франция президентінің резиденциясынан ыдыс-аяқ ұрлаған Елисей сарайының қызметкері 2 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бұл туралы AFP жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Oxu.Az басылымына сілтеме жасап.  

"Сот қылмыстың жасалған мерзімін, ұрланған заттардың санын, сондай-ақ ыдыс-аяқтың қаржылық және тарихи құндылығын ескере отырып, мұны ауыр қылмыс деп таныды", – деп жазады агенттік.

Сотталған Томас М. есімді азамат Елисей сарайынан 2 жыл бойы күмістен жасалған асхана бұйымдары мен фарфор заттарын ұрлаған. Оған белгіленген жазаның бір жылы шартты түрде, ал екінші жылы нақты бас бостандығынан айыру жазасы болды.

Бұдан бөлек сотталушы 10 мың еуро көлемінде айыппұл арқалады. Оған күмістен жасалған асхана бұйымдарын бақылауға қатысты қызметтерді атқаруға тыйым салынды.

Оның сыбайласы Дамьен Ж. де екі жылға бас бостандығынан айырылды, оның ішінде 16 айы шартты мерзім болып тағайындалды. Бұл ретте ұрланған заттардың негізгі сатып алушысы Гислен М. бір жыл шартты жаза алды. Ол айыпталушылармен көшеде кездескен кезінде 80-ге жуық затты қолма-қол ақшаға сатып алған.

Le Parisien басылымының жазуынша, сотталушы Томас М. шамамен 100 затты қолды қылған. Олардың қатарында тәрелкелер, кеселер және салтанатты мемлекеттік кешкі астар мен өзге де шараларда қолданылған басқа да ыдыстар да бар. Ұрланған заттардың бір бөлігі елдің мәдени мұра нысандары болып саналады.

Басылымның хабарлауынша, бұл қызметкер дастарқанды әзірлеуге, ыдыс-аяқты есепке алуға жауапты болған. Келтірілген шығын көлемі шамамен алғанда 380 мың еуромен есептеліп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу