Эвакуацияланғандардың басым бөлігі кемпингтерде демалып жатқан туристер, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жалын Атлант мұхиты жағалауындағы елді мекендер мен туристік нысандарға жақындаған.
Жергілікті биліктің мәліметінше, жоғары температура мен ұзаққа созылған құрғақшылық жалынның жылдам таралуына себеп болған. Еуропада биыл қатарынан болған үш аптап ыстық толқыны құрғақшылықты күшейтіп, су қорын азайтқан. Соның салдарынан орман алқаптары қатты кеуіп, өрттің таралу қаупі артқан.
"Рейтердің" хабарлауынша, табиғи апат аумағында Жиронда департаментінің кемпингтерінде демалып жатқан тұрғындар мен туристер қалып қойған. Кейінгі ақпарат бойынша, тілсіз жау 3 жарым мың гектар жасыл желекті күлге айналдырды. Табиғи апатпен күреске 500-ге жуық құтқарушы тартылған. Алайда олардың жұмысына аптап ыстық пен күшті жел кедергі жасап тұр. Елдің 5 департаментінде қауіп-қатердің ең жоғары "қызыл" деңгейі жарияланды.
Мамандар климаттың өзгеруі Еуропадағы су тапшылығын ушықтырып жатқанын ескертеді. Биыл құрлықта орман өртінен зардап шеккен аумақ көлемі соңғы 20 жылдағы орташа көрсеткіштен асып түскен. Сонымен қатар аптап ыстық салдарынан он мыңнан астам адам қаза болған.