Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Астана қаласына оралды

341

Ел намысын қорғаған аяқдопшыларды елорда әуежайынан жанкүйерлер қарсы алды, деп жазады inbusiness.kz Астана елорда әкімдігіне сілтеме жасап.  

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Астана қаласына оралды Фото: Астана қаласының әкімдігі

EURO-2024 турнирінің іріктеу кезеңінде өнер көрсеткен жерлестеріміз соңғы ойынын сырт алаңда Словенияға қарсы өткізді. Футболшыларымыз 1:2 есебімен жол берсе де, Қазақстан құрамасы өз тарихында алғаш рет 18 ұпай жинап, 4-орынға тұрақтады.

Футболшыларымызды әуежайдан қарсы алу рәсіміне ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, спорт саласының басшылары мен жанкүйерлер жиналды.

"Өкінішке қарай, шешуші ойынға жарақаттарына байланысты Бақтиер Зайнутдинов, Бауыржан Исламхан, Михаил Габышев және мен қатыса алмадым. Құрамамыз есе жіберген сәтте көшбасшы ойыншылардың болмауы өзекті өртеді. Дегенмен, іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша қарсыластардың ойы толыққанды өзгерді. Бұған дейін Қазақстан ұпай үлестіретін ел ретінде саналса, енді санасуларына тура келеді. Тіпті Словения командасы Данияға қарсы қосалқы ойыншыларын шығарып, бізге дайындалды. Бұл да қарсыластың сескенетінін білдіреді. Енді 2024 жылдың 21 наурызында "Ұлттар лигасының" плей-оффында Грекиямен  жолығамыз. Қарсыласымыз жайлы әлі айта алмаймын. Бірақ біз үшін қарсылас кім болса да, жеңу үшін бар күш-жігерімізді аямаймыз", - деді, футболдан ұлттық құраманың капитаны Асхат Тағыберген.

 

Іріктеу кезеңі аясында жас болса да, үздік өнер көрсеткен сұрмерген Максим Самородов та болашағына байланысты жоспарымен бөлісті:

"Болашағым жайлы нақты айта алмаймын. Алайда Еуропа клубтарында доп тепкім келетіндігімді жасырмаймын. Кәсіби тұрғыдан жетілуді қалаймын. Барлығын алда уақытта көре жатармыз", -деді ұлттық құраманың ең жас ойыншысы.

Енді Қазақстан құрамасы 2024 жылы "Ұлттар лигасының" плей-оффында сырт алаңда Грекиямен доп тебеді. Ал екінші жартылай финалда Грузия Люксембургпен өзара мықтыны анықтайды. Қос ойынның жеңімпаздары EURO-2024 бәсекесінің финалдық кезеңінде өнер көрсету үшін жалғыз жолдаманы сарапқа салатын болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу