"Футболға 31 млрд теңге жұмсалған": Депутат жаттықтырушылардың жалақысын көбейтуді ұсынды

199

Еңбек жолын енді бастаған жаттықтырушы 117 мың теңге алады. 

"Футболға 31 млрд теңге жұмсалған": Депутат жаттықтырушылардың жалақысын көбейтуді ұсынды Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев спорт саласындағы жаттықтырушылардың жалақысын арттыруды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Расында қазақстандық футбол клубтары қақпаға гол салудан гөрі, қазынаға қол салуды жақсы меңгерген. Ал біз олардың бюджетке таласқандай жасыл алаңда допқа таласқанын қалаймыз. Себебі қазіргі нәтижелері қарын ашырады. Әлемдегі белді доп додасына жолдама алған жалғыз клуб қалғандарына қорған бола алмайды. 2024 жылы Қазақстандағы 13 футбол клубын қаржыландыруға 27,3 млрд теңге жұмсалғанын қыста айтқанмын. Қыруар ақша. Бюджет тапшы боп жатқанда футболға ақша таба қалатын өңір басшыларының шешімін шынымен түсінбейміз. Себебі биыл да аяқдоп аямай асапты", – делінген депутаттық сауалында.

Депутаттың сөзінше, 2025 жылы Премьер-лигада доп тебетін "Ордабасы" футбол клубына 3,2 миллиард теңге бөлінген. 

"Ақтөбе" футбол клубына 2,1 миллиард теңге, "Қызыл-Жар" клубына 2 миллиард теңге берілген. Жалпы Премьер-Лигада ойнайтын футбол клубының бәрі бюджеттен ақша алады. Ал "Астана" футбол клубы "Самұрық-Қазынадан" 2025 жылға 5,3 миллиард теңге алған. Бұл мәліметтер міне уәкілетті органнан алынды. Мұнша ақшаны аяқ доптың аяғына тастау ақылға сыймайды. Ол ол ма, Бірінші Лигадағы футбол клубтарына да бюджеттен қыруар ақша беріледі, алды жылына 1,2 миллиард теңгеден алған. Жалпы есебін айтсам, 2025 жылы Премьер-Лига футбол клубтарына 24 миллиард теңге, Бірінші Лигадағы футбол клубтарына 7,7 миллиард теңге берілген. Сәйкесінше Қазақстанның қамбасынан 2025 жылы футболға 31 799 143 000 теңге жұмсалды деп ресми айтуға болады", – деді Нартай Сәрсенғалиев.

Депутат футбол клубтарын жекеге бергенде осынша қаражат үнемделер еді деген пікірде.

Спорт саласындағы жаттықтырушылардың жағдайына бөлек тоқталды. 

"2025 жылы еңбек жолын енді бастаған жаттықтырушы 117 мың теңге алса, жоғары санатты жаттықтырушы 145 115 теңгеге күн көруге мәжбүр. Осылайша бұқаралық спорттың дамуына тікелей әсер ететін мамандар айлығын шайлығына жеткізе алмай пұшайман хәлде жүр. Салдарынан спорт саласындағы жаттықтырушылар жаппай білім саласына кетуде, себебі ол жақта жалақы жоғары. Бұл бір тараптың қаржысына ортақтасу емес, керісінше жалақыға жарымай жүргендерді жоғары айлық алатындармен теңестіруге үндеу", – деді Мәжіліс депутаты.

Депутаттың ұсыныстары:

-    Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздегі барлық футбол клубын жедел арада жекешелендіру;
-    Қазақстандық футбол клубтары бүгінге дейін қанша қаражат алды, оны қайда жұмсады, бәрін толық тексеру;
-    Үкіметтің №1193 бұйрығына өзгеріс енгізіп дене шынықтыру-спорт ұйымдарындағы жаттықтырушылардың жалақысын көтеру. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу