G20 басшылары виртуалды саммитте бас қосады

699

Ең ірі 20 елдің басшылары сенбі күні бейнеконференция форматында өтетін саммитте кездеседі. 

G20 басшылары виртуалды саммитте бас қосады

Іс-шараны Сауд Арабиясының Королі Салман бен Абдель Азиз Әл Сауд жүргізеді.

Наурыз айында өткен G20 саммитінде пандемия салдарынан болған экономикалық және әлеуметтік зардаптарды азайту, жаһандық өсімді қалпына келтіру және нарықтағы тұрақтылықты сақтау үшін саясаттың барлық құралын қолдану туралы айтылған болатын. 

"Пандемияның әлеуметтік, экономикалық және қаржылық әсеріне қарсы бағытталған бюджеттік саясат, экономикалық шаралар мен кепілдік үлгілері аясында әлемдік экономикаға 5 трлн доллардан астам инвестиция салу қажет", – делінген еді құжатта.

Сонымен қатар, G20 басшылары Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктің мұқтаж елдерге көмек көрсетуі шараларын да қолдады. Қазан айында өткен кездесуде G20 қаржы министрлері мен орталық банк төрағалары "Қарызды өтеуді тоқтата тұру бастамасы" (DSSI) шеңберінен тыс, табысы төмен елдер үшін де қарызды жеңілдету тетіктерін талқылау үшін бас қосқан болатын.

"Біз DSSI мерзімін 6 айға ұзартуға, сондай-ақ қазіргі экономикалық және қаржылық ахуал Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктің 2021 жылы өтетін көктемгі кездесулеріне дейін келісімді тағы 6 айға созу мүмкіндігін зерттеуге келістік", – деген еді басқосу қатысушылары.

Айта кетсек, DSSI табысы төмен 73 елді қамтиды әрі бүгінге дейін 46 мемлекет осы мүмкіндікті пайдаланып, жалпы сомасы 5 миллиард доллар шамасында төлемдерді кейінге қалдырған. G20-ға келесі жылдан бастап Италия төрағалық етеді.
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу