Ең өкініштісі, өткен жылы елде 5600-ден аса адам қарулы топтың құрбаны болған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Халықаралық көші-қон ұйымы келтірген деректен Гаитидегі ішкі қоныс аударудың рекордтық деңгейін байқауға болады. Ондағы зорлық-зомбылықтан құтылу үшін 1,3 миллионға жуық адам өз баспанасын тастап кетуге мәжбүр.
– 2024 жылдың желтоқсанынан бері қоныс аударғандардың саны 24%-ға артқан, – дейді ұйым өкілдері.
Ұйымның бас директоры Эми Поуп бұл сандардың артында қаншама адамның тағдыры тұрғанына тоқталып өтті.
– Балалар, аналар, қарттар олардың көпшілігі бірнеше рет үйінен бас сауғалап қашуға мәжбүр болған, көп жағдайда ештеңе алып үлгермеген. Қазір олар өте қауіпті және тұрақсыз жағдайда өмір сүріп жатыр. Біз дереу әрекет етуіміз керек. Бұл дағдарыс "жаңа қалыпты жағдай" болмауы тиіс, – деді ол.
БҰҰ-ның есебінше, 2024 жылы Гаитиде қарулы топтардың шабуылдарынан 5600-ден астам адам қайтыс болған.
Қазір Гаитиде саяси, экономикалық және гуманитарлық дағдарыс күн сайын ушығуда. Елдің астанасы Порт-о-Пренстің 80%-дан аса аумағын қарулы топтар өз бақылауынан шығарар емес. Гаитидегі халық саны 11 миллионнан асады әрі миллиондаған адам ашаршылық қаупімен бетпе-бет келіп отыр.