Nature Medicine журналында жарияланған жаңа зерттеуде қартаю деңгейі ең баяу және ең жылдам жүретін елдердің аты белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Басылымның жазуынша, халықаралық зерттеушілер тобы Африка, Азия, Еуропа және Оңтүстік Америкадағы 40 елден 160 мыңнан астам адамның деректерін талдаған.
Алынған мәліметтер нейрожеліге енгізіліп, ол әр қатысушының хронологиялық жасын анықтауы тиіс болды. Ғалымдар адамның нақты жасы мен жасанды интеллект болжаған жастың арасындағы айырмашылықты тапты.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, еуропалықтар арасында салауатты қартаюдың ең жоғары деңгейі тіркелген. Ал табысы аз елдерде тұратын адамдарда бұл көрсеткіш төмен болып шықты.
Ең баяу қартаю процесі Данияда байқалды. Еуропалық елдің тұрғындары орта есеппен өздерінің хронологиялық жасынан 2,35 жылға жас көрінеді. Одан кейінгі орындарда Нидерланд пен Финляндия тұр. Ғалымдардың сөзінше, мұндай нәтижеге таза ауа, денсаулық сақтау жүйесінің дамуы, өмір сүру сапасының жоғарғы деңгейі, әлеуметтік қорғау және белсенді өмір салтының кеңінен таралуы себеп болып отыр.
Ең жылдам қартаю процесі Мысырда тіркелген. Бұл елде адамдардың жасы орта есеппен нақты жасынан 4,75 жылға артық. Одан кейінгі орындарда Оңтүстік Африка мен Оңтүстік Америка елдері орналасты. Еуропадағы қартаюдың ең жоғары қарқыны шығыс және оңтүстік аймақтарда байқалған.