"Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы" КЕАҚ-тың еншілес ұйымы – "Қазақ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының" ғалымдары "W-баланс" функционалдық сары май – өсімдік майы негізіндегі спредті өндіру технологиясы мен рецептурасын әзірледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Әзірлеменің ерекшелігі – Омега-3 пен Омега-6 полиқанықпаған май қышқылдарының арақатынасын 1:5 деңгейінде қамтамасыз ететін сүт майы, рапс және зығыр майларының үйлестірілуінде.
"W-баланстың" дәстүрлі майлы өнімдерден айырмашылығы, оның рецептурасы май қышқылдарының берілген құрамы ескеріле отырып, сары майға тән органолептикалық қасиеттерін сақтап қалатындай етіп әзірленген.
Өнімдегі майдың массалық үлесі 72,5%-ды құрайды. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, өнімнің сіңімділігі 97–98%. Спредте қаныққан майлар мен холестерин мөлшері төмен. Өнім 10-нан 30 °С-қа дейінгі температурада өзінің жұмсақ әрі жағылу қасиетін сақтайды.
Әзірлеу барысында рецептуралар эксперименттік тұрғыдан пысықталып, эмульгирлеу мен кристалданудың температуралық және механикалық режимдері зерттелді. Сондай-ақ май қышқылдарының құрамына хроматографиялық зерттеулер жүргізілді.
Рецептурада отандық шикізатты – сүт майын, рапс және зығыр майларын пайдалану көзделген. Технологияны май-тоңмай өнеркәсібі кәсіпорындарының қолданыстағы өндірістік желілеріне интеграциялауға болады.
Әзірленген рецептура мен технологиялық режимдер негізінде технологиялық құжаттама әзірленді. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижесі (ҒҒТҚН) ресімделді.
Технология өнеркәсіптік ауқымда өндіруге дайындалды. Әзірлеме ГОСТ 34178-2017 және КО ТР 021/2011 талаптарын ескере отырып орындалды.
"W-баланс" спреді функционалдық және диеталық тағам өнімдерін өндіруге арналған. Сонымен қатар оны санаторийлік-курорттық және емдік-профилактикалық тамақтануға арналған өнімдерде, сондай-ақ Healthy Food сегментінде пайдалануға болады.
Қызығушылық танытқан кәсіпорындар үшін әзірлемені өндіріске енгізу мақсатында технологиялық құжаттаманы дайындау және тапсыру мүмкіндігі қарастырылған.