Осылайша, алдағы 3 жыл аралықта газ бағасы 2 есе өспек. Энергетика министрлігі арнайы қаулыны ашық талқыға шығарды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Биыл 1 шілдеден бастап тауарлық газ бағасы көтеріледі. Бұл өзгеріс алдымен ірі коммерциялық тұтынушылар мен майнинг компанияларды қамтиды. Орта есеппен жыл сайын газ бағасы 33%-ға өсіп отырмақ. Алайда министрлік газдың көтерме бағасы нақты қанша болатынын жазбаған.
Ведомство ел ішіндегі газ тапшылығының алдын алу және салаға инвестиция тарту қажеттілігінің әсерінен осы қадамға барып отырғанын алға тартады. Қазір газ бағасы өндірістен бастап, тасымал және инфрақұрылым шығынын ақтамайды.
"Болжам бойынша, 2026 жылдан бастап газ тапшылығы күшейеді. Тауарлық газдың қазіргі бағасы өзін-өзі ақтамайды және салаға қауіп төндіреді", – делінген министрліктің хабарламасында.
Қазақстанның ауыл мен қаласына жаппай газ жүргізу мен өнеркәсіптің газға көшуі ішкі сұранысты күрт өсірген. 2028 жылға қарай газ тұтыну көлемі 21,2 млрд м³-тен 32,4 млрд м³-ке дейін жетуі мүмкін.
Одан бөлек, газ инфрақұрылымын жаңғыртуға, жаңа кен орындарын игеруге қаражат қажет.
Дегенмен халық пен әлеуметтік нысандар тұтынатын газ бағасы реттеле береді. Сондықтан халық тұтынатын газ арзандау болып қала беруі мүмкін. Алдағы уақытта оны әкімдіктер нақтылайды.
Энергетика министрлігі тұрмысы төмен отбасылар үшін жеңілдік пен қолдау тетіктерін дайындап жатқанын мәлімдеді. Мысалы, кейбір азаматтар үшін газ бағасына 24%-ға дейін жеңілдік қарастырылмақ.
Жаңа ереже бойынша газдың көтерме бағасы әр өңірге жеке есептеледі. Бұл – тасымал мен сақтау шығындарының айырмашылығына байланысты жасалады.
Бұған дейін де Үкімет елдегі тауарлық газ бағасы арзан деген көзқарасын ашық жеткізген. Газ бағасы алдағы уақытта көрші Ресейдегі бағаға теңестірілуі мүмкін. Қазір 1 текше метр газдың көтерме бағасы 23,64 теңге.