Блогерлердің айтып жүрген танымал кеңесі жаңсақ болып шықты

461

Ұялы телефонды "ерекше тәсілмен" қуаттауға қатысты бір жылдық сынақ аяқталды.

Блогерлердің айтып жүрген танымал кеңесі жаңсақ болып шықты Фото: canva

Смартфон қайтсе ұзақ қызмет етеді?

Түрлі блогерлер мен сарапшысымақтар біраз жылдан бері осыған қатысты бір кеңес-рекомендацияны қайталаумен келеді. Ол – "80 де 20 тәсілі" деп аталады.

"Смартфондардың көбісі шамамен қуаттаудың 500-800 толық циклына есептелген. 1 цикл – батареяның бүкіл сиымдылығын толық пайдалану деген сөз. Егер толық қуаттамасаңыз цикл да толық шығындалмайды. Әрбір цикл сайын аккумулятор бірте-бірте қуатты ұстап қалу қабілетін жоғалтады. Егер сіз телефонды күн сайын зарядтасаңыз, онда 1,5-2 жылдан кейін батарея елеулі деградацияға ұшырайды", – дейді Mouser компаниясының техникалық контент бойынша директоры Марк Патрик.

Оның және сол сияқтылардың ұсынатын амал-шарғысының құпия-сыры қарапайым көрінеді: телефонды 80%-дан артық қуаттамау керек. Сондай-ақ, оның қуаты деңгейінің 20%-дан төмен түсіп кетпеуін, мүлдем сөніп, отырып қалмауын үнемі қадағалау қажет. Сонда смартфонның аккумуляторы тез тозбайды, мобильді құрылғы иесіне бір, тіпті бірнеше жыл артық қызмет етеді-мыс.

Америкада iPhone 16 Pro Max пайдаланушысы Джули Кловер бұл кеңестің қаншалықты пайдасы барын тексеру үшін 2024 жылғы қыркүйекте эксперимент бастауға шешім қабылдайды. Ол ұялы телефонының батареясын ауыстыру мерзімін ұзарту үшін бір жыл бойы 80 пайыздық қуаттау шегін мүлтіксіз сақтады.

"Дәл қажет кезде телефонның отырып қалған жағдайын әрбір адам бастан өткерген болар? Бұл кейбір адамның бойында үрей-фобияның пайда болуына ықпал етуі мүмкін. Телефон ескірген сайын, оның аккумуляторы тозып, салмақты проблема туғызады. Немесе аккумулятор жанып кетсе, жаңасына шығындалуға тура келеді. Батареяның қызмет ету мерзімін ұзарту үшін көптеген адам амалсыз түрлі айла-шарғыға жүгінеді. Осы орайда бір әйел қуаттауды 80%-дан асырмау әдісінің шын-өтірігін анықтау үшін бір жылдық тестілеу ұйымдастырды", – деп жазды америкалық журналист Клэр Рид.

Сынақ қалай жүргізілді?

Айфон иесі смартфонын зарядтағанда, оның 80% деңгейінен асып кетпеуін бақылаған. Сонымен бірге, қуат деңгейінің 20%-дан төмендеуіне де жол бермеген. Яғни, "эксперттер" жан-жақтан мақтап, дәріптеген "80-де 20 стратегиясын" мүлтіксіз сақтады.

Бұл ретте қалтафонды қуаттау сымсыз технология бойынша да, сондай-ақ қарапайым USB-C көмегімен де жүргізілген.

"Смартфонның қуатталуын 100%-ға жеткізбеу оңай болмады. Бұрынғыға қарағанда жиірек зарядтауға тура келді. Оның үстіне мобильді құрылғының қуатының ұдайы толық болмауы көңілге алаң салды, дәл қажет кезде отырып қала ма деп мазасызданумен болдым. Бірақ бәріне шыдадым. Өйткені бәрі тамсана айтатын тәсілдің батарея үшін қаншалықты пайдалы болатынын түсінгім келді", – деп жазды сынақшы әйел Mac Rumors форумында.

Бұдан не шыққанын оған сілтеме жасап, Supercarblondie.com порталы жариялады. Сонымен, қуаттаудың 80 пайыздық лимитін қатаң сақтаудан және зарядтаудың 299 циклінен кейін iPhone 16 Pro Max батареясы сиымдылығының 94%-ын сақтаған.

Салыстыру үшін келтірсек, Джули Кловердің әріптесі дәл сондай iPhone-ын ешқандай шектеусіз, стратегиясыз, қатаң тәртіпсіз, қашан қолы тисе, сол кезде қуаттап отырған. Соған қарамастан әріптесінің көрсеткіші әлдеқайда жақсы болып шықты: 308 қуаттау циклінен кейін Айфонының батареясы өз сиымдылығының 96%-ын сақтады.

Сынақшы әйел бір жыл бойғы еңбегінің "заяға кеткеніне" қапаланады. Ол осы экспериментке дейін экспертсымақтардың қайталаудан жалықпайтын әлгі әдісінің тиімділігіне риясыз сеніп келген екен. Енді үкілеген үмітінің ақталмағанына, нәтиженің таңданарлық болмағанына қынжылады.

"Мен Айфонымның батареясы идеалдағыдай күйде сақталады деп сендім ғой. Алайда "80-де 20 стратегиясын" сақтау мен сақтамаудың айырмашылығы жоққа тән болып шықты. Қуатталу деңгейі 80%-дан асып кетпеуі үшін күн сайын қаншама қолайсыздыққа төздім. Камераны немесе GPS-ті пайдаланғанда қуат жылдам таусылатын. Әсіресе, белсенді видеотүсірілім немесе саяхаттау кезінде қуаттаудың қамына бас қатырып, бәрін алдын ала жоспарлауға тура келген еді", – дейді сынақшы.

Ақыр соңында әйел "қарапайым пайдаланушылар үшін 80%-дық шек тәсілінен айрықша пайда жоқтығы" туралы байлам жасады. Дегенмен, ол "қуаттау деңгейін 80 пайыздан асырмау тәсілі бір жыл емес, одан ұзағырақ кезеңде ғана батареяның жағдайын жақсартатын шығар" деген ойда.

Сөз соңында ол жаңа смартфон сатып алып, оның да қуаттау лимиті бойынша аккумуляторының сиымдылығын тексеру бойынша кезекті бір жылдық тестті бастағанын хабарлады.

Жалпы, блогерлер тиімділігі күмәнді ұқсас тәсілдерді насихаттауын тыяр емес. Мысалы, олардың мәліметінше, аталған стратегияны сақтау үшін үнемі қуатталу деңгейін бақылап отыру қажет емес.

Себебі, iPhone 14 және одан жаңа модельдерде заряд лимитін 80-нен 100% аралығында орнатып қоюға болады. Сонда құрылғы шектен артық қуаттамайды. Бұл үшін блогерлердің нұсқауынша, "Реттеулер" > "Аккумулятор" > "Қуат режимі" бөліміне өтіңіз де қажетті нұсқаны таңдап, түртіңіз.

Apple компаниясы iPhone-да батареяның қызмет ету мерзімін ұзартуға көмектесетін "қуатты үнемдеу" мүмкіндіктері ұсынылғанын хабарлады.

"iPhone 15 Pro немесе одан кейінгі құрылғыларда "Бейімделгіш қуат" функциясы, смартфонды қолдану әдеттегіден жоғары болған кезде, аккумуляторының қызмет мерзімін күндерге созуға көмектеседі. Қосылған кезде "Бейімделгіш қуат" функциясы автоматты түрде фондық режимде жұмыс істейді. Сондықтан оны басқарудың қажеті жоқ. Ол соңғы пайдалану үлгілері негізінде қосымша батарея қуаты қажет болған кезді болжау үшін құрылғыдағы интеллектті пайдаланады, содан кейін батареяның ұзақ қызмет етуіне көмектесу үшін жұмыс реттеулерін жасайды", – деп мәлім етті америкалық компания.

Ұқсас функция көптеген Android-смартфондарда да кездеседі.

Дегенмен, мамандар мобильді телефонды толыққанды қуаттамау қолайсыздық тудырып қана қоймай, қауіпті болуы да мүмкін екенін ескертеді. Себебі түсінікті: қалтафон тез отырып, керек кезде иесі байланыссыз қалады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу