“Газ баллонын жарып жіберемін”: Шахтинскіде тұрғындарды қорқытқан ер адам қамалды

Алкогольдік масаң күйдегі 33 жастағы жігіт көпшілікті дүрліктірген.  

“Газ баллонын жарып жіберемін”: Шахтинскіде тұрғындарды қорқытқан ер адам қамалды Фото: azattyq-ruhy.kz

Қауіптің алдын алу үшін полицейлер бір кіреберістегі 35 адамды эвакуациялауға мәжбүр болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Оқиға 2 қыркүйекте Карл Маркс көшесіндегі үйлердің бірінде тіркелген. Полицияға пәтердегі шуға қатысты хабарлама түскен. Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары ер адамның “газ баллонын жарып жіберемін” деп қорқытып отырғанын анықтаған.

Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін полицейлер үйдің кіреберісін босатып, 35 адамды қауіпсіз жерге шығарды.

Полиция қызметкерлері ер адаммен келіссөз жүргізгеннен кейін ол пәтердің есігін ашқан. Тексеру барысында азаматтың алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды. Сонымен қатар,  пәтерден газдың иісі сезілмеген.

Ер адам полиция бөліміне жеткізіліп, оған қатысты әкімшілік іс қозғалды. Сотқа дейін ол уақытша ұстау камерасына қамалды.

Жиналған материалдар сотқа жолданады. Оның қандай жауапкершілікке тартылатынын сот шешеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу