Жұмыстарды "QazaqGaz Барлау және өндіру" жүргізіп жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ұлттық компания 3020 физикалық нүкте көлемінде гелий түсірілімін жүргізді. Оның нәтижелері негізінде Саралжын учаскесінің келісімшарттық аумағында МОГТ-2D әдісімен сейсмикалық барлау жұмыстары орындалуда.
Жұмыстардың жалпы көлемі 507 қума километрді құрайды. Қазіргі уақытта сейсмикалық түсірілімнің оңтайлы параметрлерін анықтауға мүмкіндік беретін тәжірибелік-әдістемелік жұмыстар атқарылып жатыр. Сейсмикалық барлау жұмыстарын 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Сонымен қатар, QazaqGaz геохимиялық зерттеулерді Каспий маңындағы ГИН-1 учаскесінде де 22500 физикалық нүкте көлемінде жүргізіп жатыр.
Бұл әдіс топырақ ауасындағы гелий концентрациясын өлшеуге негізделген және геохимиялық ауытқуларды анықтауға мүмкіндік береді. 12000 физикалық нүктені қамтитын өңірлік түсірілім әрі қарай зерттеуді қажет ететін аймақтарды анықтауға көмектеседі. Ал 10500 физикалық нүктені қамтитын түсірілім анықталған ауытқулардың шекаралары мен сипаттамаларын нақтылауға мүмкіндік береді.
QazaqGaz – цифрлық геохимия саласында жоғары дәлдіктегі гелий түсірілімі әдісін енгізген Қазақстандағы алғашқы компания. Ұлттық компанияның мәліметінше, бұл технология әлемнің жетекші компанияларының тәжірибесінде өз тиімділігін дәлелдеген. Геохимиялық зерттеулердің нәтижелері геологиялық-геофизикалық деректермен бірге кешенді түрде талданады.
Каспий маңындағы ГИН-1 учаскесінде 2D сейсмикалық барлау жұмыстарын да 2 кезеңмен жүргізу жоспарланып отыр.
Гелий түсірілімі мен сейсмикалық барлау жұмыстарын кешенді түрде жүргізу перспективалы нысандарды нақтылауға және геологиялық барлау жұмыстарының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл жұмыстар өнімділігі жоғары ұңғымаларды бұрғылауды да қамтиды.