ҚР Энергетика министрлігі Ұлытау облысында орналасқан көмірсутек учаскесін геологиялық барлау үшін электрондық аукционға шығарды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Құжатқа сәйкес, бастапқы қол қою бонусы – 21,625 млн теңге.
Аукцион 2026 жылғы 23 желтоқсанға белгіленген, өтінімдер 12 қарашаға дейін қабылданады.
Аукцион шарттарына сәйкес, бастапқы кезеңде жер қойнауын пайдаланушы аумақтың кемінде 30%-ында 2D-сейсмобарлау жұмыстарын жүргізуге тиіс. Бұл жұмыстардың бағалау құны – 1,2 млн доллар.
Келесі кезеңде кем дегенде бір барлау ұңғымасын бұрғылау көзделген. Барлау кезеңі – 3 жылдан аспайды.
Егер учаскеде 100 млн тоннадан астам мұнай немесе 50 млрд текше метрден астам газ қоры табылса, жер қойнауын пайдаланушы ҚР "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Кодексінде көзделген міндеттемелердің бірін өз мойнына алуы тиіс: бұл өңдеу қуаттарын құру немесе жаңғыртудан бастап, шарттық негізде қазақстандық кәсіпорындарға шикізат жеткізуге дейінгі аралықты қамтиды.
Аукционда жеңіске жеткен компания барлық тәуекелді өз мойнына алып, аймақты дамытуға көмектесуі керек.
Негізгі талаптар:
- Жұмыс пен қызметтің кемінде 70%-ын, ал тауарлардың 30%-ын қазақстандық компаниялардан алуы тиіс.
- Оған қоса, жергілікті мамандарды оқытуға, ғылымға және ауданды көркейтуге қаражат бөлуі қажет.