Германияның Потсдам-Миттельмарк ауданындағы Гёрцке муниципалитеті маңында орман өрті тез таралып, жалын шарпыған аумақ шамамен 100 гектарға жетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Bild мәліметінше, өрт сөндірушілер сенбіден бері ауа температурасы 40°C-қа жуық аптап ыстықта тілсіз жаумен күресіп жатыр. Төтенше жағдай қызметіне жергілікті фермерлер ауыр техникамен көмек көрсетуде. Алайда құрғақшылық пен жоғары температура өртті сөндіруді қиындатып отыр.
Германияның өзге аймақтарында да экстремалды ыстық салдарынан орман өрті тіркелген. Рейнланд-Пфальц жерінде орналасқан Трайзен ауылынан 650-ге жуық тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді.
Өрт сөндірушілер кей аумақтарға жақындай алмай отыр, себебі жерде соғыс уақытынан қалған жарылмаған оқ-дәрілер бар. Өткен түні сол маңда бірнеше жарылыс болғаны хабарланды.