Берлиндегі Ботаникалық бақта әлемдегі ең иісі жағымсыз, алып гүл – Аморфофаллус гүлдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Aussiedlerbote басылымына сілтеме жасап.
Бұл өсімдік бірнеше жылда бір рет қана гүлдейді әрі гүлдеу мерзімі өте қысқа. Бұл табиғи құбылыс шамамен үш күнге ғана созылады. Осы уақыттан кейін өсімдік сола бастайды.
Аморфофаллустың гүлшоғыры 3 метрге дейін жетуі мүмкін, ал жер астындағы түйнегінің салмағы 100 килограмға дейін барады. Осы жолы өсімдік гүлшоғырының биіктігі 2,36 метрді құрады.
БАҚ-тың хабарлауынша, бұл өсімдіктің тамырын алғаш рет 1878 жылы Индонезияның Суматра аралында италиялық ботаник Одоардо Беккари сипаттап жазған. Бұл өсімдікке жойылып кету қаупі төніп тұр. Өйткені бұл гүл түрі өсетін тропикалық ормандар азайып жатыр, дейді басылым.