Германияда заңнамадағы қателікке байланысты электронды темекілер мен оларға арналған сұйықтықтар 2026 жылдың соңына дейін темекі салығынан уақытша босатылуы мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BILD басылымына сілтеме жасап.
Қаржы министрі Ларс Клингбайль салықты бұрынғы мөлшерде, яғни сұйықтықтың әрбір 10 миллилитріне 3,20 еуро көлемінде алуды жалғастыруды тапсырған. Алайда заңгерлердің пікірінше, бұл нұсқа қолданыстағы заң талаптарына қайшы келеді.
Германияның Кеден қызметі BILD басылымына электронды темекі өндірушілерінен нөлдік мөлшерлемемен акциздік маркалар беру туралы екі өтініш түскенін растады. Қазір аталған өтініштер қарастырылып жатыр. Егер олар мақұлданса, электронды темекілер мен оларға арналған сұйықтықтарды темекі салығынсыз сатуға мүмкіндік туады.
Салықтан түскен үнем толығымен тұтынушыларға берілген жағдайда, бір реттік электронды темекілер мен көлемі 2 миллилитр картридждердің бағасы шамамен 76 центке, ал 10 миллилитрлік сұйықтық құтылары 3,80 еуроға арзандауы мүмкін.
Қаржы министрлігі заңнамадағы олқылықты жою қажеттігін мойындап, тиісті түзетулер әзірлеп жатыр. Ведомство өзгерістерді алдымен Бундестагта, кейін 20 қарашада Бундесраттың мақұлдауынан өткізу жоспарланып отырғанын хабарлады.