Германияда зейнетке шығу жасы өзгереді. Канцлер Фридрих Мерц үкіметтің зейнет жасын кезең-кезеңімен көтеруді көздейтін өзгерістер пакетін жыл соңына дейін қабылдатуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Мерцтің айтуынша, реформа демографиялық өзгерістер мен халықтың өмір сүру ұзақтығының артуына байланысты қолға алынып отыр.
Жаңа реформаның негізгі бағыттары – зейнет жасын кезең-кезеңімен ұлғайту, мерзімінен бұрын зейнетке шығу мүмкіндіктерін шектеу және арнайы капитал нарығы қорын құру.
Ұлыбританияда зейнетақы жасы алдағы 2 жыл көлемінде 66-дан 67 жасқа дейін кезең-кезеңімен көтеріледі. Ал 68 жасқа дейін ұлғайту мәселесі қазіргі заң бойынша 2044-2046 жылдарға жоспарланған. Бірақ үкімет бұл мерзімді одан да ертерек етудің жолдарын қарастырып жатыр. Бұл тақырып ел ішінде қызу талқылануда.
– Өмір сүру ұзақтығы айтарлықтай артты. Қазір халық бұрынғыға қарағанда әлдеқайда ұзағырақ жасайды. Үкімет осы факторды есепке алады. Билік әр 5 жыл сайын мемлекеттік зейнет жасына қатысты тәуелсіз шолу жүргізуге міндетті. Бұған дейін осындай 2 шолу жасалды. Қазір тағы 1 шолу жүріп жатыр, – деді Фискалдық зерттеулер институтының аға зерттеуші-экономист Хайди Карьялайнен.