Германиялық компания Қазақстанда зауыт ашады

503

CLAAS зауыты Солтүстік Қазақстан облысында орналасады.

Германиялық компания Қазақстанда зауыт ашады

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әлемдегі ауылшаруашылығы техникасының ірі өндірушілерінің бірі – CLAAS неміс компаниясымен өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімге қол қойды, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Пандемияның қазіргі жағдайын ескере отырып, келісімге қол қою бейнебайланыс арқылы жүзеге асырылды. Министрліктің атынан құжатқа вице-министр Аманияз Ержанов, Германия тарапынан Шығыс Еуропа және ТМД елдері бойынша өңірлік директор Др. Нильс Ройч бұрыштама қойды.

CLAAS зауыты Солтүстік Қазақстан облысында орналасады. Мамандандырылған жабдықты орнату мен техникалық қызметкерлерді дайындауды қоса алғанда, бірінші кезеңде TUCANO комбайнының өндірісі жолға қойылады.

Жоба Қазақстандағы CLAAS ресми өкілі "СТ-Агро" компаниясымен бірлесіп іске асырылады. Облыс экономикасына салынған инвестицияның көлемі шамамен 3,4 млрд теңгені құрайды. "CLAAS" компаниясы өзінің меншікті қаражатынан қаржыландырады. Бастапқы кезеңде 200-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылады.

"Біз, CLAAS компаниясының атынан Қазақстан Үкіметіне, Германиядағы елдің елшілігіне ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласындағы жоспарланған екі жақты жобаны іске асыруға дипломатиялық қолдау көрсеткені үшін өз ризашылығымызды білдіреміз. Біз Қазақстан Республикасында үлкен әлеуетті көріп отырмыз, сондықтан ұзақ мерзімді, табысты және өзара тиімді ынтымақтастық құруды жоспарлап отырмыз", – деп атап өтті Др. Нильс Ройч.

Келісімнің аясында компания компоненттерді оқшаулауды кезең-кезеңмен ұлғайтады, сондай-ақ өндірісті одан әрі дамыту үшін кадрларды техникалық даярлаумен айналысады.

Жобалық қуаттылыққа шыққан кезде кәсіпорын жылына 200 бірлікке дейін ауыл шаруашылығы техникасын (комбайндар, тракторлар және егіс кешендері) шығаратын болады, бұл ҚР машина-трактор паркін жаңарту бойынша жағдайды сапалы түрде жақсартады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу